БЕЛГІТАС ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1129
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жақында Қазақстан – ҚХР  шекаралары аралығындағы «Достық»  халықаралық су  бөлу  тоспасына «Қазақстан-Қытай бірлескен «Достық» ортақ  су  бөгеті инженерлік-гидроторабы. Нариман  Қыпшақбаевтың 1991 жылғы  бастамасымен 2013  жылы  салынып пайдалануға  берілді»  деген  жазуы  бар  белгітас орнатылды.

Тарихи мәні  бар шараның ашылу салтанатына белгітасқа  есімі  жазылған азамат, бұрынғы Қазақ КСР Су шаруашылығы және мелиорация  министрі, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Су ресурстары бойынша мемлекеттік комитетінің алғашқы төрағасы, қазіргі Қазақстан мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының директоры, Қазақстан су  серіктестігінің  төрағасы Нариман Қыпшақбаевтың өзі келді. 
Шараға бұрынғы Су ресурстары мемлекеттік комитетінің  төрағасы, қазіргі тәуелсіз сарапшы Төлеген Сәрсенбеков, Қазақстан  гидросушаруашылығы жобалау институтының инженер-жобалаушысы Құдайберген Асқаров, Қазақ-мыс  корпорациясының су жөніндегі бөлім басшысы Анар  Тілеулесова, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің трансшекаралық өзендер департаментінің басшысы Мүсілім Жиенбаев, Балқаш-Алакөл су бассейні инспекциясының басшысы Серікқали Мұқатаев, «Қазсушар» мемлекеттік республикалық қазыналық кәсіпорны  Панфилов аудандық өндірістік учаскесінің басшысы Тоқтарбай  Керімқұлов, тағы басқалар қатысып, сөз сөйледі. Өз кезегінде олар халықаралық «Достық» су бөгетінің тарихи-әлеуметтік және  экономикалық  маңызына  кеңінен  тоқталды. Сонымен  қатар, өзен  суын  екі  елге  тең  бөліп  тұрған  бұл  су  бөгетінің  пайда  болуына  бастамашы  болған,  мақсаттың  жүзеге  асуына  көп  еңбек  сіңірген  Нариман  Қыпшақбайұлының сіңірген еңбегіне  жоғары  баға  берді. 
Шекара шебіндегі белгіні ашу рәсімінен кейін «Халықаралық  ортақ  өзен суларын  бірлесіп басқару  және  шекарааралық байланыс» деген тақырыпта республикалық кеңес  өткізілді. Отырысты Қазақстан су серіктестігінің төрағасы Нариман  Қыпшақбаев ашып, жүргізіп отырды. Кеңесте тәуелсіз сарапшы                   Т. Сәрсембеков, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің трансшекаралық өзендер департаментінің басшысы Мүслім Жиенбаев, Қазақ су шаруашылығы жобалау институтының инженер-жобалаушысы Құдайберген Асқаров, «Арал  теңізін  қорғау»  қорының төрағасы  Ә. Көншімов баяндама  жасады. Әрі онда  елдегі су ресурстарын және көршілес шетелдермен ортақ өзен  суларын тиімді пайдалану мәселелері талданды.
 
Мырзағали  Нұрсейіт
  Панфилов  ауданы