Жұмыс іздеушілерге көмек

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сүлейман Демирел атындағы университетте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының грандтық қаржыландыруы аясында  әзірленген «JobBer» мобильдік қосымшасы таныстырылды. Тұсаукесерде ұялы платформаның тұжырымдамасы сипатталып, «Android» негізіндегі «JobBer» мобильді қосымшасының жұмысына қолдау көрсететін құрылғылар көрсетілді.

– Бұл қосымшаны жасау  идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының «Жас толқын» республикалық олимпиадасына қатысып, І орынды иеленген Сүлейман Демирел атындағы университеттің «Люмос» тобына тиесілі, – дейді сол топтың жетекшісі, мобильді қосымшаны әзірлеуге қатысқан Әсел Изекенова. –  Бұған  алғашында Кәмилә Тәтенова, Алтынай Мұхамедкәрімова, Бахтияр Мералиев, Даниел Қапышев және Парвин Ализаде қатысқан болатын. Жобаны жетілдіруге Парвин Талыбоглы екеуміз бірге еңбек етіп келеміз.
Осыдан кейін Әсел Құлынтайқызы тұсаукесер рәсіміне жиналғандарға «JobBer» мобильді қосымшасының жұмысы жайлы түсінік беріп өткен. Ең алдымен, осы «JobBer» атауының  «жұмыс бер» деген сөзден алынғанын айта кеткен орынды шығар. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелер технологиясынсыз өмір сүру мүмкін болмай барады. Осы орайда жұмыссыздықты төмендету мақсатында тапсырыс берушілердің (жұмыс берушілердің) және жұмыс іздеген адамдардың өзара іс-әрекеттерін жеңілдетуге және жақсартуға мобильді қосымшаны пайдалану ұсынылып отыр. 
Нәтижесінде нарықтағы осы тұжырымдаманы іске асыратын «JB» стартапы (компаниясы)  құрылған. Бұл қосымшаны әзірлеуге стартаптың негізгі серіктестері мен құрылтайшысы PhD докторы, СДУ-дың экономикалық, әлеуметтік және іскерлік зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Әсел Изекенова мен осы оқу орнының «математика» мамандығының студенті Ализаде Парвин атсалысқан екен.  
Ұялы қосымша ең алдымен бейресми жұмыспен қамту нарығында қызмет атқаруға бағытталған. Себебі, оның негізгі пайдаланушысы – қызметкерлер, студенттер мен үйде жұмыс жасайтын адамдар және еңбек өтілі немесе жас ерекшеліктеріне байланысты зейнетке шыққандар, белгілі бір себептермен жұмысқа орналаса алмай жүрген жандар. Яғни, тұрақты жұмысы жоқ кез келген адам осы стартапқа шығып, өзіне ыңғайлы жұмысты таңдап ала алады. Сол сияқты жұмыс беруші де өз бетімен адамдарды іздемей, «JB» компаниясымен еңбек шартына отыру арқылы өзіне қажетті маманды  тауып алуға мүмкіндік алады.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы