Тамыры терең оқу ошағы

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1206
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Замана көші алға озған сайын ғылым мен білімге деген талап күн санап өсіп келеді. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Техникалық құндылықтар үстемдік құрған кезеңде «ақылды» машиналардың тілін білу өмірлік қажеттілік. Осы орайда бүгінгі уақыттың тамырын тап басып, еңбек нарығындағы нақты талаптарға жауап бере алатын мамандар даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Сондай оқу орнының бірі – тамырын тереңге жайған, 142 жылдық тарихы бар Көксу ауылшаруашылық колледжі.

Талайдың табаны тиген толайым тарихы бар ақ шаңқан білім ошағы ақ тілеулі қарт анадай болашақтың тұтқасы жастарды күтіп алып, шығарып салып, үлкен даңғыл жолға аттандырып тұрғандай әсер қалдырады. Осындай  жетістігі мол білім ордасын 2006 жылдан Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Ескелді аудандық мәслихаттың депутаты Мәлік Қарасаев басқарады. 
Білім ошағында 72 оқытушы,    2 өндірістік-оқыту шебері қызмет атқарады. Білім ордасының материалды-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. 
Колледж ұстаздары мамандар даярлауда өздерінің білімдері мен тәжірибелерін жан-жақты пайдалануда, «бір жағадан бас, жеңнен қол шығарып» жұмыс жасауына, сонау тоқырау жылдарында қиындықтың қыспағында қалып қалған оқу орнының бүгінгі деңгейге жетуіне білікті де білгір, өз ісінің шебері, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары колледж директоры Мәлік Әбілмәжінұлының еңбегін айрықша атап айтқымыз келеді. Сондай-ақ, оқу ордамызда ширек ғасырдан аса еңбек етіп келе жатқан бүгінгі таңда аға буын өкілдері саналатын Т. Абдамбаев, Қ. Қопабаева, Т. Нұрғалиева, К. Мүсапиров, Е. Бекболаев, М. Иманғабулов сынды ұстаздарды мақтан тұтамыз.    
Білім жолы қашанда қиын да киелі. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Бұл сөзіміздің  дәлелі ретінде биыл Талдықорған сервис және технология колледжінде өткен «Заманауи сабақ – педагогтың кәсіби өсуінің көрсеткіші» атты үздік сабақтар фестивалінде физика пәнінің оқытушысы Динара  Жанатқызының І орынды иеленгенін атап өтуге болады. 
«Ұстаздық  еткен  жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абай сөзін колледж ұстаздары басты қағида етіп ұстанған. Сол себепті, елдің ертеңі болашақ мамандардың бойына сенім орнықтыру, шығармашылық еңбекті өрістету, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тәрбиелеу басты назарда ұсталады. Колледж оқытушылары мен білім алушылары облыс, республика деңгейінде өтетін түрлі іс-шаралар мен байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындар еншілеуде. Соның бір дәлелі – сәуір айында аталмыш колледж базасында өткен «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу» біліктілігі бойынша «WORLDSKILLS TALDYKORGAN» кәсіби шеберлігінің аймақтық чемпионатында 4-курс білім алушысы Павел Панченко бас жүлдеге ие болуы. 
Оқытушылар сабақ берумен қатар дарынды студенттердің ғылыми ізденісін шыңдау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Колледж білім алушылары ҚР Кіші Ғылым академиясының облыстық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Өнерде де, спортта да атап айтарлық жетістігіміз жетерлік.
Ең бастысы – өз ісін жетік білетін маман тәрбиелеп шығару.
Осы орайда колледж автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, техник, техник-механик, жерге орналастыру, сызушы, ауылшаруашылығын механикаландыру, тарату құрылғылары бойынша электр құрастырушы, техник-электрик, есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету, электрондық есептеу машиналарының операторы, техник-бағдарламашы, зертханашы, технологиялық жабдықтарды реттеуші, агроном, жеміс-жидектер мен көкөністерді сақтау және қайта өңдеу құзыреттіліктері бойынша мамандар даярлауда.
Бір сөзбен айтсақ, колледж ұжымы егемен еліміздің дамыған отыз елінің қатарынан көрінуі үшін білімді, бәсекеге қабілетті және қазіргі өндіріске бейімделе алатын тұлға тәрбиелеу жолында  аянбай еңбек етуде.

 

К. АЛБАКОВА,
Көксу ауылшаруашылық колледжінің әдіскері