БАБАЛАР АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 1725
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы ұлттық код, ұлттық сана негіздерін қозғайды.  Ұлттың  руханияты халықтың жадында жаңғыруы үшін  қолжазба мұралары асыл қазына ретінде сақталуы тиіс. Бүгінгі таңға дейін халық мұрасын жинап, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ, кітап құрастыру, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихына қатысты көне жәдігерлерді аударып жүрген ғалымдарымыз бар. Олар – санаулы. Солардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, Мұхтар  Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба және текстология ғылыми-инновациялық бөлімінің меңгерушісі –  Тоқтар Әлібеков.

 

    Оның  ғылым мен мәдениет саласындағы еңбегін жіліктеп, жіктеп бірнеше бағыт бойынша қарастыруға болады. Тоқтар Әлібековтің қазақ халқы мен елімізде тұрып жатқан өзге де ұлт пен ұлыстардың мұраларын жинаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Соңғы 20 жылдың көлемінде еліміз, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердің сирек қорлары мен мұрағаттарының негізінде 50 мыңнан астам әдеби-мәдени, дерекнамалық, құжаттық құндылықтар жинап, халқымыздың рухани қазынасын толықтыруға атсалысты. Соның бірі 2013 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарынан құралған Қытайда тұратын этникалық қазақтардың фольклоры мен өнерін зерттеу экспедициясы барысында ғалымның тікелей жетекшілігімен қазақтар жиі қоныстанған Шинжияң өлкесінің Үрімжі қаласы және Іле аймағына қарасты Күнес, Нылқы, Тоғызтарау, Құлжа, Шапшал аудандары мен Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласы, Дөрбілжін, Шағантоғай, Толы аудандарын аралап, онда тұратын қазақтар арасынан көптеген қисса, дастан, айтыс, қара өлең, тағы басқа фольклорлық мұралар және атбегілік пен ат әбзелдері, құсбегілік, қазақтың халық билері, суретшілік өнер, күй өнері секілді қазақ мәдениетіне қатысты құнды дүниелерді бейнетаспа, үнтаспаларға жазып алумен бірге, 80-жылдардан бері шығып келе жатқан «Шалғын», «Мұра» журналдары, Шинжияңда өткен әр жылдардағы ақындар айтысының толық нұсқасы, әр өңірде шыққан 200-ге  тарта фольклорлық кітап пен түрлі қолжазба мұраларды жинап, тәуелсіз қазақ елінің руханиятын толықтырып, шетел қазақтарының рухани байлығының өз ата жұртында сақталуына үлкен септігін тигізді. Осы экспедицияден соң «Шиңжаң күнделігінен» атты көлемді сериялық сапарнамалық мақала мен «Шыңжаң қазақтарының мұралары – ортақ қазынамыз» атты зерттеу мақаласы жарияланды. Сондай-ақ Шинжияңдағы әр кездесу мен өнер адамдары туралы 20-ға жуық бейнематериалды «Қазақстан», «Еларна» сынды арналарда көрсетуге мұрындық болып, Қазақ радиосында шетелде тұрып жатқан қазақтардың өнері, фольклоры туралы арнайы сұхбаттар берді. 
    Екіншіден, ғалымның ауыз толтырып айтатын  жұмыстарының бірі, ол – сирек қорларда сақталған ғылыми, әдеби шығармаларды құрастырып, жарыққа шығару.  Бүгінге дейін ғалымның жеке, өзге де зерттеушілермен құрастырған, жауапты редактор ретінде жетекшілік еткен 150-ге жуық ғылыми жинақтары еліміздің барлық кітапханаларындағы оқырмандардың, жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми ортаның игілігіне айналды.  Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың  бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясын баспаға дайындап және құрастыруға қатысқан ғалымдар тобы жетекшілерінің бірі (2010-2013) болды. Осы ғалымдардың  тынымсыз еңбегі мен уақытпен санаспай жұмыс істеуінің арқасында сериялы кітап, мерзімінен бір жыл бұрын жарыққа шықты. «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасы әлемде теңдесі жоқ, қазақ халқының ұлттық кодына, ұлттық санасының  қайта жаңғыруына қызмет ететін,  рухани мұра екенін баса айтамыз. Осы басылымды дайындауға жетекшілік етіп, іске асырған, ғалымдар тобына  алғыс, мадақ пен марапат берілмегені өкінішті-ақ.
    Мұнан тыс Тоқтар Кесімұлы қазақ тарихындағы жекелеген тұлғалар шығармашылығы мен оларға қатысты қолжазба мұраларының ғылыми басылымын дайындап, ел игілігіне жаратуға мол еңбек сіңіріп келеді. Солардың қатарында «Ер Әжібай», «Құланаян Құлманбет», «Сөзімнің қыл сыймайды арасына…», «Шал ақын Құлекеұлының шығармалары», І. Жансүгіров  «Өтірік», Е. Құлсариев  «Жыр – керуен», К. Қаңтарұлы  «Мархаба – иа – Рамазан», Сүйінбай Аронұлының толық шығармалар жинағы, Сүйінбай Аронұлы «Зерттеулер мен мақалалар», Хазірет Әлидің ғылыми басылымы, «Алтын жамбы», Жүсіпбек Шайхисламұлының жыр-мұралары. (Үш томдық), «Қарқара толғауы», тағы басқа жинақтары бар. Ғалым жинақтардың ғылыми басылымын дайындауда мұрағаттарда сақталған түпнұсқаларды негіз етіп, өзге нұсқаларымен салыстырып, текстологиялық сараптаулардан өткізіп, ғылыми түсініктер жазып, жинақтың толыққанды шығуына баса мән бергендігі ғылымға деген адалдық болса керек. 
   Үшіншіден, Тоқтар Кесімұлының қолжазба мұраларын жинап, жариялап,  зерттеу жұмыстарын жүргізу өз алдына бөлек әңгіме. Айталық, ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде 3 монография мен үш зерттеу, бір оқулық, 300-ге жуық  ғылыми-зерттеу мақалалар еліміздің түрлі басылымдарында, сондай-ақ,  алыс-жақын шетелдердің ғылыми басылымдарында жарық көрді. Зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты түркі тілдес халықтар мен қазақ тарихындағы елеулі тұлғалар жайында.  Жетісу жерінде өмір сүріп, соңында өшпес із  қалдырған батырлар мен ақындар, би-шешендер, әнші-жыршылар, тағы басқа қоғам қайраткерлері, олардың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайында  зерттеулер жазып,  көмескіленген рухани көмбені ашып, бабалар мұрасын қайта жаңғыртты. Көмескі дейтініміз, ғалымның зерттеу жұмысы қолжазба мұралары негізінде болғандықтан араб, қадым, шағатай жазуларында хатқа түскен тың деректерді көз майын тамызып, саралап, күрделі текстологиялық сараптады. Атап айтқанда, «Құланаян Құлманбет» (монография), «Жетісу ақындары», «Қазақ фольклоры текстологиясының кейбір мәселелері» (авторлармен бірге), «Кейбір халық әдебиеті үлгілерінің салыстырмалы мәселелері» (Қ. Алпысбаева, П. Әуесбаевалармен бірге), «Халық әдебиетін жинау, жүйелеу, сақтаудың әдістемелік негіздері» (Ш. Ыбыраев, Қ. Алпысбаевалармен бірге), «Ойтамызық», «Халық әдебиеті және тарихи жад» (монография),  Бұқар жырау, Әжібай батыр, Қабан жырау, Сүйінбай ақын, Жамбыл, Бөлтірік шешен, Көдек ақын, Шарғын, Әжек, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Асан Барманбекұлы, Ескелді би, 16-жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтеріліс басшылары жайлы, айтыс өнері, топонимдік аңыздар, күй аңыздарды жазғаны сөзімізге дәлел. 
    Төртіншіден, ғалым қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне де белсене атсалысып, әдістемелік оқулықтар мен аудиокітаптар жазды.  Мәселен, балабақшалар мен бастауыш сыныптарға арналған «Балаларға базарлық», «Шәкірттерге шашу», «Ұрпаққа ұлағат», «Әдебиет әлемінде», «Білім – дария» сияқты балалар әдебиетінің аудиокітаптарын құрастырды. Халық мұрасына адалдықпен қарау, көнеден жеткен  қолжазбаны тарихтың көзі деп санау – ғалымның бұлжымас ұстанымы. Халық мұрасын сақтау, ғылым, ел үшін  маңыздылығын кейінгі жастар, студенттер мен магистрлерге, докторанттар мен шәкірттеріне түсіндіруден жалыққан емес. «Ғылым дегеніміз – өзіңнен бұрынғы зерттеушілердің еңбегін оқу және оны өзіңнің ғылыми тұжырымдарыңмен толықтыру», – деп жиі айтып отырады.  Оның магистрлік, докторлық (PhD) бағытта жүрген шәкірттері Жетісу ақындары, би-шешендері, әнші-жыршыларының, тағы басқа өнер иелерінің шығармашылығына қатысты тақырыптар аясында ғылыми жұмыстармен айналасып келеді.
   Ғалымның  қалам тартқан тақырыптары аз емес. Ол  «Абайтану» саласына да мән беріп, ақынның «Қара сөздер» (2007), 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында  тұңғыш рет жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі» жинақтарының өңделіп, қайта басылуына, ол туралы «Абай және ұлттық идея», «Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіші (1988-2006)»,  «Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы» сынды зерттеу еңбектерін баспаға дайындады.  Сондай-ақ,  Абайдың әдеби мұраларына қатысты текстологиялық зерттеулер жазды. 
   Бесіншіден, Тоқтар Кесімұлының шығармашылығында еліміздегі үлкен бір ақсап тұрған сала аударма мәселесіне де  еңбек сіңіргенін айта кеткеніміз жөн. Халық мұрасын жинау бар да, оны дер кезінде халыққа ұсыну, істелген жұмыстың нәтижесін көрсету бар. Ол  Елбасымыздың «Халық – тарих толқынында» атты жобасына орай, Тәжікстан Республикасына барған қызметтік сапарында аздаған уақыт ішінде Тәжікстан елінің мұрағатынан Қожамқұли-бек Балхидың ортағасырлардағы Моғол мемлекеті, Орта Азия мен Қазақстан аумағының тарихы, онда мекендеген түркі халықтарының, әсіресе, монғол, татар, өзбек, қазақ, ұйғыр, қырғыз, тағы басқа халықтар туралы мәліметтер мол қамтылған.   «Тарих-и Қыпшақи» (ХҮІІ ғ.аяғы мен ХҮІІІ ғ.басы) атты еңбегін тауып, қиындықпен елге әкеліп, өзінің тікелей бастамашылығымен аудармашылар тобын басқарып, өткен 2017 жылдың аяғында тұңғыш рет парсы тілінен тікелей аударылып, жарыққа шығуына ықпал етті. Осы күндері Қожа Ахмет Яссауидың бұрын белгісіз болып келген ең көлемді әрі толық нұсқасын да тауып, оны да қазақ елінің, тіпті, иісі түркі дүниесінің игілігіне жарату үшін белсенді жұмыстар атқарып келеді. 
   Егер адамды атағына емес, ел үшін еткен еңбегіне қарап бағалар болсақ, Тоқтар Кесімұлының айғай-аттансыз, міндетсінбей еңбектенуін бүкіл саналы ғұмырын ұлттың руханиятына арнаған, бойындағы ақыл-парасатын сарқа жұмсаған тұлға екенін мақтанышпен айта аламыз. Ғалымға тән қарапайымдылығын сақтап, еңбегін бұлдаған емес. Оның тірнектеп жинап, жазған еңбектері өткен ғасырлар тарихы, ұлт мәдениеті, тіл, дін, ділінің кең ауқымда ұрпақтар жүрегінде жаңғырып,  оқып-тануына,  құрмет көрсетуіне, отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне мол мүмкіндік береді. Сондықтан, ғалымның фольклортану, текстология,  библиография, қолжазбатану саласында атқарған, жариялаған жұмыстары арнайы зерттеулерді талап етеді.
   Сөз соңында Тоқтар ағамыздың 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, ел игілігі үшін әлі талай сүбелі зерттеулер жүргізетініне сенімімізді білдіріп, шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілейміз. 

Нұржұма Елесбай,
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
 институты 
қолжазба және текстология  ғылыми-инновациялық 
бөлімінің ғылыми
қызметкері