МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 1461
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтуде. Жетісу жерінде де мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған облыстық спартакиада ұйымдастырылған болатын. Ендігі кезекте кәсіби мереке республика бойынша бір уақытта бастау алған қайырымдылық шарасымен жалғасын тапты.

 

   Барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы қалаларында «Алға басу – Движение вперед» атты жүгіру марафоны бірыңғай стартпен бір күнде, бір сағатта басталды. Қаратал өзенінің жағалауына жиналған 1000-ға жуық мемлекеттік қызметкер аталмыш шараға өз үлесін қосып, қайырымдылық қорына қол ұшын созды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Милосердие» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жалауын көтерген акцияда өңіріміздің аудан, қала орталықтарынан 2000-нан аса қатысушы мәреге шықты. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және денешынықтыру мен спортқа баулу, жарысқа қатысушылардың шеберлігін шыңдау, «ДОМ» қайырымдылық қорына қолдау көрсету мақсатында өткен шараның шарапаты жетерлік. 
   Қайырымдылық акциясына қатысуға ниеттілер 7 маусымға дейін жетім балалар мен жетімдер үйіне, дімкәс балдырғандарға жылуын аямайтын «ДОМ» қайырымдылық қорының банктік шотына бастапқы жарна аударған. Акция қорытындысында облыс бойынша жиналған қаражат қоры 2 млн. теңгені құрап, сырқат балаларды емдеуге жолданды.   Жүгіруден жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтарға қол жеткізіп, диплом, медальдармен марапатталды. Мәре сызығын кескен қатысушылардың бәріне арнайы сертификат табысталды.

Құралбек СӘБИТОВ.