ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖОЛ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1139
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Бір ғасыр бойына облыс оқиғаларын үздіксіз жариялап келе жатқан «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің мерейтойына орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кездесу ұйымдастырылды.

 

   Сөз алған аудан басшысы Ә. Жақанбаев  айдынды Алакөлдің айбынын асқақтатып жүрген екі газет ұжымына шексіз алғысын білдіріп, атаулы мерекемен құттықтап өтті. Сондай-ақ, облыс  орталығынан шалғайда жатқан аудан жайлы жазатын бір меншікті тілшіні тағайындауын өтінді.
   Келесі болып мінберге көтерілген «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары Б. Абаған қандай  алмағайып заман төнсе де Алакөл өңірінен оқырмандардың еш үзілмегенін жеткізіп, аудан аумағындағы төрт мыңнан астам тұрақты газет жазылушыларына жылы лебізін білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.
   Облыстық «Жетісу» газеті редакциясының меңгерушісі  Қ. Тұнғатар аталмыш басылымның тәй-тәй басқан күнінен бастап, бүгінгі даңқы мен дәрежесі  хақында баяндамасын оқыды. Қуаныш Абайбекұлы сонау 1918 жылы жарық көрген алғашқы нөмірінен бері мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қарапайым халықтың мүддесін қорғап, талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген басылымның тағылымды тарихынан сыр шертіп, білікті басшылар мен талапты һәм табанды тілшілердің арқасында сын мен сынақтардан құралған уақыттың солқылдақ өткелдерін қалай бағындырғаны жайында әңгіме өрбітті.
   Ақиқаттың жаршысына айналған «Огни Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Х.Еспанов тарих қойнауына көз жүгіртіп, айтқанынан айтары мол жүзжылдық басылымның өнегелі өткенінің өрнекті тұстарынан сыр шертті. Артынша қос газеттің тұрақты оқырмандарына арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Көпшілік алдағы уақытта да осы сенім мен сыйласымдылықтың жібі үзілмесін деген тілекпен тарқасты.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы