АСҚАҚ АРМАНЫ АДАСТЫРМАҒАН

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1529
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    “Қолда өскен жүйріктің тай атағы қалмайды, қолда өскен жігіттің бала аты қалмайды. Баурайында жүрген таудың биіктігі білінбейді, жаныңда жүрген жанның ұлықтығы білінбейді” дейтініміз де, бәлкім, содан шығар. Кезінде бауырыма тартып, туған інімдей көріп, риясыз баулыған, қауырсын қаламын шыңдап, қанатын қомдап сөз өнерінің қиясына самғауына септігім тиген, бүгінде біразы белгілі қаламгер болып, қазақ баспасөзінің көшін бастап жүрген інілерім маған әлі күнге дейін баяғы ботатірсек бозбала сияқты көрінеді. Солардың бірі әрі бірегейі журналист-жазушы Жақыпжан Нұрғожаев.

 

   Ұмытпасам, алпыс тоғызыншы жылдың мамыражай, жаймашуақ күз айы болуы керек. Әдеттегідей ернін шүйіре жымиып кабинетіме жауапты хатшымыз Баймолда Мұса кірді. Қасында бойы өзімен деңгейлес сымға тартқандай тіп-тік сыптығыр қара жігіт бар. 
– Мына Жақыпжан деген жігіт қызмет іздеп жүр екен. Орын болса, бізге келгісі бар. Осы облыстың азаматы көрінеді. Өзімен сөйлесіп, байқасаңыз қайтеді?! – деді хатшы.
– О не, бос орның бар ма еді?
– Қарастырып көруге болады. Секретариаттан бірдеңе табылып та қалар.
Хатшы кеткен соң бейтаныс жас нұсқаған орынға жайғасып маған сұраулы жүзбен қарады. Атжақты, ашаң өңді, сол жағына қайырған мойыл қара кекілінің ұшы бұйралау. Сәл қысылғанда күлкі шашатын көзі ойлы, жұқа астыңғы ерні сәл шығыңқы жігіттің жүзінен бір жылылық ескендей.
– Ал, әңгімеңді баста енді, балақай. 
Оң қолын ара-тұра көтеріп қойып, мән-жайын баяндады. Сөзі орнықты, тілі орамды көрінді. Орта мектепті бітірген соң екі жыл еңбек өтілі болмаса жоғары оқу орнына қабылдамайтын қырсық заң мұның да құлашын жаздырмапты. Ата-анасына көмектесіп, қаршадайынан ұжымшар жұмысына жегілген ол еңбектен қаша ма? Жасы он сегізге толмай жатып мұғалім болып еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздықтан бастапты. Пединститутқа түсіп, не сырттай оқып, ұстаздық еңбекті әрі қарай өрістетіп, шыңдай түсуге болатын еді. Бірақ, жазу-сызуға деген бір құмарлық оны бұл қадамға бастырмапты. Осы екі ортада әскери борышын өтеу міндеті киліге кетіп, Нева бойындағы ұлы шаһар, кәдімгі дүниені дүр сілкіндірген төңкеріс ошағы – Ленинградта атқарады. Ол тұста армия дегеніміз  жас азамат үшін үлкен өмір мектебі еді ғой. Жауынгерлерге жан-жақты қамқорлық жасалып, қабілетіне қарай білімін байытып, білігін шыңдауға жол ашылатын. Тәрбие-тәртібіне қарай жақсы жағынан көрінген Жақыпжан Ригадағы сержанттар даярлайтын арнаулы курсқа жіберіліп, аға сержант атағын алып, взвод командирінің орынбасары болады. Сөйтіп, ол саяси жағынан да, әскери жағынан да шыңдалып, орысшасы жетіліп, ой-өрісі кеңейіп, елге салиқалы да салауатты азамат болып оралады. Келісімен өзі туып-өскен Кеген ауданында радиохабар тарату редакциясына редактор болып орналасады. Осында ол қиындығы мен қызығы қат-қабат журналистік еңбектің алғашқы дәмін татып, қиялына құлаш сермейді. Алайда, аспанды аңсаған арманға, қиянды көксеген қанатқа аудан аясы таршылық ететінін сезіп, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай қабылданып, талабын да, талпынысын да ширата түскен екі жыл тәп-тәуір жұмыс істеген жерін тастап осында келіпті. 
Жас жігіттің талабы да, қалауы да жаман емес. Өзі туған таулы өңірдің тарихын жақсы білетіні де ұнады. “Өсер жасқа өріс ашайық”, –  деп биыл жазда орта мектеп бітірген соң бірер жыл ауылда жұмыс істеп, білімін сырттай оқып көтергелі жүрген екі дос Марат Тоқашбаев пен Рақымжан Өтегеновті секретариатқа курьер, яғни қолқанат етіп алғамыз. Бота тірсек бозбалалардың екеуі де елгезек, елпілдеп тұрады. Телетайып оқиды, орынбасарлардың алдынан шығып, қайта басылған материалдарды тағы шолып, әріп қателерін түзеп, баспаханаға апарады, одан дайын беттерді алып келеді. Қажет кезінде корректорларды ауыстырып, бет оқысады. Не керек, қайда жұмсасаң да тіл қайтармайды, барып кел, алып келге әрқашан әзір. Ал мына жігіт олардай емес, тіс қаққан журналистік жұмыстың да дәмін аз-кем татқан. Алайда амал не, әдеби қызметкер ғып ала қоюға орын жоқ.
– Жарайды, Жақыпжан, жағдайды жауапты хатшы түсіндірген шығар. Жауапкершілігі бар кісіге жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Өзің риза болсаң сол секретариатқа алайық. Курьер. Яғни, бізге қолқанат боласың. ҚазТАГ-тан түскен материалдарды оқисың. Баспаханамен ұдайы байланыста болып, ондағы жағдайдан бізді хабардар етіп отырасың. Макет жасауға қатысып, қай материалдың қай жерде тұратынын зердеңе тоқисың. Жалпы бұл да өзінше бір тәжірибе мектебі. Жұрттың жұмысты төменнен бастаған дұрыс деп жататыны да содан болар. Жағдайды бас редакторға өзім айтам. Осыған келіссең, жұмысқа кіріс.
– Рахмет, аға, ризамын! – деп орнынан атып тұрды ол. 
Бүгінгі белгілі жазушы, белді қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев кейін өзі бас редактор болған «Жетісу» газетіне алғаш 1969 жылдың күзінде қолқанат боп қабылданған еді. Ұдайы ізденіп, үйренуден жалықпайтын талапты да табанды жас араға жыл салмай әдеби қызметкер болып, бөлімге ауысты. Табанынан от шығатын пысық тағанды жігіт талай жақсы ісімен, тұшымды материалдарымен көзге тез түсті. Ұжымның қоғамдық өміріне де белсене атсалысты. Александр Дюманың атақты «Үш ноянындай» редакцияда жиі болып тұратын жиын-тойды Марат, Рақымжан үшеуі бірі домбыра тартып ән салып, бірі өлең шығарып, бірі суретке түсіріп шырайын ашып, қыздырып жіберетін. Жиын гүлі өзімізден шыққан соң сырттан өнерпаз шақырып әуре болмайтынбыз. Келесі жылы тамыз айының басында Кеген ауданының Қарқара жайлауында Шопандар күні атап өтілетін боп, аудан басшыларының шақыруымен соған барғалы қамданып жатқанмын. Және аудан басшысы Үмбетжан мен кеңшар директоры Тәңірбек: «Келін мен балаларды ала кел, жайлауды көріп тамашаласын», – деп тапсырған. Ауылмен ұдайы хабарласып, жаңалықтарынан құлағдар болып отырса керек, жол жүрерден бір-екі күн бұрын Жақыпжан келіп:
– Аға, біздің ауданның шопандар тойына барады екенсіз, мені де ілестіре кетіңізші, – деп өтінді. 
– Ә, ата-анаңды сағынған екенсің ғой. Жарайды, жеңгең мен кіші ұлымды ала барғалы отыр ем, сағанда орын табылар көліктен. Қайта жол қысқарып, сапар көңілді болады, – деп келістім меселін қайтармай.
Шынында да сапар көңілді болды. Жол-жөнекей кездесетін жер-су, орман-тоғай, тізбек-тізбек таулардың атын, оларға байланысты деректерді Жақыпжан жақсы біледі екен. Көкпектіге кідіріп, бұлақ суына бетімізді жуып, таудың таза ауасына көкірегімізді тосып, аз-кем тыныстадық. Айнала алып таулар көмкерген о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін кең шалқар даладан атойлап дұшпанын қуған бабалардың зілді үні, жер танауын қуырған тұлпарларының дүбірі естілгендей болады. Баяғыда бұл жазықта арқар, киік, ақбөкен дегенің қойдай өріп жүреді екен. Алматы – Нарынқол күрежолының салынуына, келімсектердің қаптауына байланысты солардың бәрі қынадай қырылып, ындыны арам ынсапсыздардың оғынан аман қалған азын-аулақ қарақұйрық, арқар мен тау ешкі биік таулардың шың-құзын сағалап кеткен. Қазір олардың өрісін күз аяғына қарай жайлаудан қайтатын малшылардың отар-отар қойы жайлайтын сыңайлы. 
Одан Шарын шатқалына түсіп, өткелден қорқа-қорқа өтіп, арғы жағаға шығып, өзенге шомылдық. Су жыландар ирелеңдеп әрі-бері жүзіп жүрген өзенге шомылуымыздың өзі керемет жанкештілік. Бірақ, бес жасқа сол күні толған Ерланым ештеңені елер емес, суды белуардан кешіп, мәз-мейрам. «Шығыңдар тез, шығыңдар!», – деп шырылдап шешесі жүр жағада. Жақыпжан суретке түсіріп мәз. Осылай тау табиға-тының ғажайыптарын тамашалап, әсері мен қатерін қабат көріп, Қайқы асуына бет алдық.
Қайқы асуы бұрын көрмеген кісінің жүрегін аузына тығып, жағасын ұстатар ғаламаттың ғаламаты. Тау жотасын дөңгелете жонып, салған жолы төткүлдеп қиып жасалған үйдей-үйдей гранит тастармен көмкерілген. Ар жағы түпсіз терең құз. Құз табанына дейін ең кемі бес жүз метр. Төмен қарасаң басың айналады. Етекте жайылып жүрген мал шашып тастаған тарыдай көрінеді. Сонау техниканың тапшы, тіпті жоқ кезінде осы іспетті кереметті жасап жүрген адам қолының құдіретіне таңғалып қана қоймай, тағзым еткің де келеді. Қайқыдан астым дегенше Кегенге жеттім дей бер. Иә, Кегеннің төбесі көріне бастағанда Жақыпжанның жүзіне қан жүгіріп: 
– Аға, бүгін жайлауға бармай, біздің үйде боласыздар. Көкем мен шешем күтіп отыр. Әуелі біздікіне әкел деп әдейі тапсырған, – деді. 
– Айналайын-ау, ел ағалары жайлауда күтіп отыр ғой.
– Жайлаудың түнгі суығын көтере алмай қалалықтар ауырып қалады деп көкем жібермеді деп сылтаулатармыз. Оның үстіне ертеңгі салтанатты өткізу үшін бастықтардың басы онсыз да қатып жүрген шығар, – деген Жақыпжанның уәжіне құлақ асуға мәжбүр болдық. 
Шеткі көшелердің біріндегі үлкен қара үйдің алдына кеп ат басын тіредік. Қаршығадай қара шал мен қол тоқпақтай кейуана құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Шешей зайыбым мен баламның бетінен сүйіп, бауырына басып, отағасы менімен төс түйістірді. Қасында қара-құра балалар. Солардың арасынан шығып бойы шапаты, қағылез қара жігіт қол алысып амандасып: «Қош келдіңіздер!», – деді. Бұл бұрын да бірер көрген осы ауданның архитекторы Несіпжан Нұрғожаев. «Кәне, сыртта көп тұрмай, төрге шығыңыздар!», – деп үйге Нұрғожа қарияның өзі бастап кірді. 
Дастарқан жаюлы, беті алуан түрлі тағамнан көрінбейді. Құрт-май, ірімшікті былай қойғанда, ауылды жерде сирек кездесетін жеміс-жидектің де түр-түрі бар. Шамасы, Жақыпжан қонақ алып барамын, – деп алдын-ала Гүлғайша келінді жіберіп, әзірлік жасатып қойса керек. «Жолда ұзақ жүріп шөліркеп келген шығарсыңдар, алдымен қымыз алып қойыңыздар», – деп тостақ толы қымызды үй иесінің өзі ұсынды. «Жылқы кісінескенше, кісі кеңескенше» деген шын ғой. Әп-сәтте әңгімеміз жарасып, шүйіркелестік те кеттік. Қонақтары кергіп, кісімсінбей астан алып отырғанына көңілі бір жайланған қария сөзге кірісті.
– Қарағым, баламның бастығы болсаң да, жолдасы боп бірге келген соң сен де менің баламсың ғой. «Ат болар тай саяққа үйір, адам болар бала қонаққа үйір», – деуші еді бұрынғылар. Балама бұрындары сағынып салт бас, сабау қамшы боп жалғыз келсең де жейтінің бір қой, шешеңнің бір табақ тоқашы, жолдастарыңды ертіп келсең де соятыным бір қой. Ештеңеден именбей қонағың болса ертіп кел. «Қонақ өз несібесін өзі ала келеді», – деуші едім. Бүгін сіздердің келгендеріңізге сондай қуанып, көңілім көлдей шалқып бір жасап қалдым. Қазақ ет пен қымызын әлімсақтан-ақ көптің асы санаған ғой. Асты қарақұс құсап қанатының астына басып жалғыз жеуге де болады. Ал көппен жеген тағам қашан да сауапты әрі сіңімді. Көпті көрген көнекөз қарияның аузынан шыққан ата-бабалардың ежелгі әдет-ғұрпымен етене өріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осынау өмірлік пәлсапа қандай терең, қандай кемел еді. Мұндай мәні зор салт-сананы тегі асыл, бұрын болған әулеттің ғана адамы сақтайды. Ендеше алтын табылған жерді белден қазып, асыл ой ағылған текті ерден айырылмау керек деп түйген мен шаңырақ тірегі қазыналы қартпен түннің әлде бір сәтіне дейін кеңестім.
– Біз Албанның Қызылбөрігінен тараймыз, – деді қария бір мезет өз тегіне ойысып. – Бабамыз Барат оқыған ғұлама кісі болыпты. Кезінде білім қуып сонау Сириядан асып, Шам мен Мысырға барыпты. Бірге барып оқыған сабақтас серігі өзбек болса керек. Баласының есімін соның құрметіне Өзбек қойыпты. Оқыған елі – Мысыр да  ұмыт қалмасын деп одан туған немересін Мысабек атапты. Мысабектен туған біз үш ағайындымыз. Тоқсан, Тоқсаба және мен Нұрғожа. Несін жасырайын, аса ауқатты әулет болдық. Кешегі қызылдар билік құрған кезде байдың тұқымы деп ізімізге түсіп қудалаған соң қырғыз асып та кеттік. Тоқсан асқан күйші өнерпаз еді.  Сол өнері ұнаған бір орыс бастық оны қырғыздан қайтарып алып, «Тасашыдан» ашылған артельге бастық етіп қояды. Соның арқасында Тоқсаба екеуміз де  бері өтіп, шекараға таяу «Тасбұлақтан» ауылшаруашылық артиллереясын ұйымдастырдық. Сөйтіп, ізімізден қалмаған қуғын-сүргін басылып, ел қатарына қосыла бергенде Ұлы Отан соғысы басталып, үшеуміз де қан майданға қатар аттандық, үшеуміз де қанды-қасап қырғыннан аман оралдық. Анамыз ауыл-аймақ «Адас» атап кеткен Кәрима аузы дуалы сөзі уәлі, көріпкелдігі бар батагөй кісі еді. Біз майданға аттанарда жылап-сықтап, у-шу болып жатқан келін-кепшіктері мен жақындарына: «Тәйт әрі, жаман ырым бастамай. «Жылау- жылау шақырады», – деген. Ұлардай шуламай, тыйыңдар көздің жасын. Мен білсем, үшеуі де сау-саламат үйіріне қайта қосылады», – деп жекіп тастапты. Мына Жақыпжан бес жасқа дейін сол әжесінің бауырында өсті. Ел шежіресінен, аңыз-әңгімелерден азын-аулақ бірдеңе білсе, ол әжесінің құйтақандайынан құлағына құйғаны. Еркін, ерке болғаны да содан.
Ертеңіне Талайлы шешейдің қаймақ қатқан қызыл күрең шайын қанып ішіп, жайлауға тарттық. 
– О, Жақыпжан-ау, қонағымызды ұрлап кеткенің қалай? – деп аман-саулық сұрасқан соң аудан басшысы әзіл-шыны аралас Жақыпжанға бас салды.
– Аға, маған кінә артпай, қайта алғыс айтыңыз. Қадірлі қонағыңызды жайлаудың түнгі суығына ұрындырмай, төтен сырқаттан сақтап қалдым, – деп Жақыпжан әзілмен астарлап, есесін жіберген жоқ. Тойдың аты той. Көше-көше ғып қаз-қатар тігілген оюлы ақшаңқан үйлер көздің жауын алады. Баяғы атағы әлемге әйгілі болған Қарқара жәрмеңкесінің ойып алған әсем бір пұшпағы тәрізді. Шеткерірек құрылған сахнаның алдына жұрт жиналып, салтанатты жиын өтіп, озаттарға сый-сияпат берілді, мадақ сөздер айтылды. Жиналыстан соң жергілікті өнерпаздардың күшімен концерт қойылып, ән шырқалып, күй шалқыды. Бір шетте ат бәйгесі басталып, бозкілемде балуандар белдесті. Қыз қуу да ұмыт қалған жоқ. Қаршадайынан ат үстінде өскен шопан қыздары жігіттерге қайдан дес берсін. Ойын-сауық кешке дейін созылды. Жұрт шад-шадыман. Қазіргідей жөн-жосықсыз, мән-мағынасыз көп тойды тиып, осындай еңбек адамының еңсесін өсіретін төл тойы, дән тойы, сияқты кәсіби мерекелерді қайта жаңғыртса ғой.
Сол күні кешкісін «Шырғанақ» кеңшарының директоры, Еңбек ері Іңкәрбек Жұмағұловтың үйінде қонақ болып, келесі күні Алматыға қайттық. Жақыпжан шопандар тойы туралы жап-жақсы репортаж жазып, ол газетке жарияланды. Тегі ұша білген қанатқа дүние кең, тербей білген қаламға тақырып көп екен ғой. Қалам шыңдалған сайын иесін жаңа өрістерге жетелейтіні және белгілі. Кең өріс еркін көсілуді керек етеді. Ал партиялық газетте мөлшерлі шеңберден шыға алмайсың. Көзі осыған кәміл жеткен Жақыпжан үш жылдан соң сол кездің өзінде-ақ еркіндеу сілтейтін сүйікті жастар газеті «Лениншіл жасқа» ауысты. 
Расында да жастар газетінде еркіндік мол еді. Әр журналист өз ерекшелігіне орай бет-бағдарын айқындап, белгілі бір тақырып бойынша жұмыс істейтін көрінеді. Жақыпжан да әрі-бері ойлана келіп қазақ басылымдары үшін әзір таптаурын емес сот істері жөнінде талдама очерктер жазсам деген байламға келеді. Кейде қазылар мен қадилардың іске атүсті қарайтын салғырттығынан бейкүнә жанның да жазықсыз сотталып кете баратыны бар. Астарында адам тағдыры тұратын бұл тақырыптың басылым беделін көтеретіні сөзсіз. Сондықтан бас редактор жаңадан келген журналистің жоспарын бірден қолдады. 
Заң орындарымен тығыз байланыс орнатып, сот тыңдалымдарына жиі қатысып, біраз дүниелерді де жазды. Оларды оқырман қауым жылы қабылдап, қолдау да білдіріп жатты. Бірақ, солардың бірі де жұртшылықты Жаңақорғандағы оқиғадай тебіренткен жоқ.
Оқиға былай болған екен. Төбесінен ауыр соққы тиіп, тап есіктің алдында кенет жантәсілім еткен жақынының ажалына «кінәлі» деп табылған жас жігіт 18 жылға сотталыпты. «Қолым да, арым да таза, төбеден түскен бұранда темірге еш қатысым жоқ», – деген оның жанайқайына дәлел жоқ. Тәжірибесі мол білікті заңгерлердің өзі оны анықтай алмапты. Жазықсыз жаза арқалап, абақтыда жатқан жігіт жастар газетінен көмек сұрайды. 
Хатпен танысып, мән-жайға мұқият қаныққан соң басшылардан рұқсат алып, Жақыпжан жолға шықты. Сот шешімі шығып қойған. Енді бір өзі әрі прокурор, әрі тергеуші болып, істі қайтадан аудара қарап, ақтара зерттеуі керек. Қаншама қадала тексергенмен иненің жасуындай саңылау жоқ. Жалғыз дерек бұранда темір. Кенет оның ойына бір күдік келеді. Бұл не темір, қайдан, қалай келген? Әскери тұрмыстың өткелінен өтіп ысылған жігіт газеттің ықпал-күшіне арқа сүйеп, кенет КСРО қарулы күштеріне сұрау салады. Міне, ғажап! Дәл сол күні сол сағатта Жаңақорғанның әуе кеңістігінде әскери ұшақтардың жаттығуы өтіпті. Бір ұшақтың босап кеткен бұрандасы түу биіктен тура марқұмның төбесіне түсіпті. Жыл сайын көтеріле беріп құлап жататын протондардың сынығынан қанша қазақ опат болатынын бір Құдайдың өзі біледі! 
Өмір көріп, өткерілгеннің пайдасы қандай! Осы жайындағы Жақыпжанның мақаласы бойынша іс қайта қаралып, жазықсыз жалалы болып жапа шеккен жігіт журналистің табандылығының арқасында ақталып шығады. Әлбетте мұндай материал газет беделін көтермей қайтеді! Автор абыройын асқақтатар осындай ойлы, талдамасы терең мақалалардың талайын жазды Жақыпжан.
Жоғарыдағыларға жалтақтай бермей, өзі би, өзі төс болатын дербестікті қалауы ма екен, әлде ортақ өгізден оңаша бұзауды артық санады ма екен, әйтеуір ол сексенінші жылдардың орта шенінде қазақша-ұйғырша екі тілде шығатын Шелек аудандық «Еңбек туы» газетіне редактор болып келді. Әріптестері бұны әрқалай жорып, сан саққа жүгіртті. Ал шын мәнінде ол туған өлкесін тереңірек зерделеп, соңынан ерген жас қалам еңбеккерлеріне жастар газетінің тәлімін үйретіп, еркін жазуға баулымақ еді.
Оның үстіне осы ауданның үстімен өтетін Үлкен Алматы каналының құрылысы қолға қызу алынған кез болатын. Ел игілігін арттырар екпінді құрылысқа атсалысу да бір міндет. Шелектен Шамалғанға дейін созылып, екі өзенді жалғастыратын бұл су арнасының бойында «Нұрлы» секілді талай шаруашылық бой көтеріп, талай алқап суға тойып, гүлбаққа айналмақ-ты. 
Ұзындығы 250 шақырымға созылатын каналдың бастауы Бартоғай су қоймасының суын Шелек өзеніне құятын Бұғыты тауын тесіп, тасын кесіп жасаған үш мың метрлік туннельден жанымызда Нұрғожа Жұбанов бар Жақыпжан екеуміз жаяу жүріп өткеніміз күні бүгінгідей көз алдымда. Журналистке тән жақсы бір қасиет осындай жаңалыққа құмарлығы ғой. 
Жақыпжанның және бір жақсы қасиеті кәсіпкерлікке бейімділігі. Ауданда ол атқарушы орындарды мазаламай газет шығуға қажет қаржыны өзі тапты. Аудандық шағын баспахананың мүмкіндігін молынан пайдаланып, жеке тапсырыстар орындап, демеушілер тауып басылымды да, қызметкерлерді де қаржыдан кенде қылған жоқ. 
Осы іскерлігі үшін облыстық баспасөз және полиграфия басқармасы су жаңа УАЗ автокөлігін сыйлады. Тоқсаныншы жылдардың басында оның Қазақстан Журналистер одағына қызметке келуіне де осындай іскерлігі себеп болғаны шәксіз.
Журналистер одағына Жақыпжан әуелі кеңесші болып келіп, ұзамай журналистер фотостудиясының «Көмек» қорының бас директоры болды, одан Одақтың өз баспаханасын ұйымдастырып, соны басқарды. Баспахана одаққа қажет құжаттарды ғана басып қоймай тапсырыс қабылдап, заказ орындап, қыруар қаржы тапты. Тіпті, оқырман қауым зәру тосып отырған өтімді кесек кітаптарды да басып шығарды. Бір жылы «Декамерон», «Жас арулар» сияқты қолдан-қолға тимей тез өтіп кететін екі кітапты көп данамен қайта басып, ұзын саны бір жарым миллион сом қаржы тапты. Бұл тура қоғамдық ғимараттар жекешелендіріліп жатқан тұс-тұғын. Сонда партиялық басылымдар үшін арнайы салынған ең үстіңгі 12-ші қабатында Журналистер Одағының  өзі орналасқан ғимаратты ілкімді де ынталы басшы болса, одаққа меншіктеп алып қалуға болатын еді ғой. Оған қаржы да табылатын еді, қолдағы жетпесе Жақыпжанның Мәскеудегі әріптестерінен қарыз алуға мүмкіндігі бар болатын. Басшылықтың сен тимесең, мен тимен бадырақкөз бейжайлығынан ғажайып ғимаратты лезде бір банк су тегінге алды да кетті. Ал, Одақтағы ақша жазатынға да жазбайтынға да лаурет атағы беріліп, соған қосымша  ретінде таратылып, қас-қағымда ту-талақай болды.
Енді отырып ойлаймын, сонау реті келіп тұрған сәтте Журналистер Одағының басшылары белсенділік танытып, іскерлік көрсетіп, аталмыш ғимаратты жекешелендіріп алғанда ғой, бертін түрлі басылымдарға жалға беріп, өзі де байып, өзгені де тоғайтып, қой да түгел қойшы да тоқ боп отырар еді-ау. Бүгінгідей қазақ газет-журналдары кім көрінгеннің босағасын сығалап, жалға тұрақ іздеп сандалып жүрмес еді. Қайран қазақтың бейқамдығы мен енжарлығы нарықтың сырын, халықтың үнін ұқпай кетер ме екенсің?! Түбіңе осы немқұрайдылық жетер. Ішің удай ашиды-ау, удай ашиды.
Жә, Жақыпжанның еш болған еңбегін қоздатпай жұлдызы жанған еңбегіне көшейік. 1998 жылы ол өзі алғаш шын журналистік жолын бастаған «Жетісу» газетіне бас редактор болып, екі тізгін бір шылбырын қолға алды және бекем ұстағалы алды. Газеттің тоғыз жыл тізгінін ұстасқан бір басшысы, әрі жанашыры ретінде басылымның байрағын төмендетіп алмай, тік көтеріп кете алса жарайды ғой деп алғаш қобалжығанымды несін жасырайын. Жоқ, қателескен екенмін, босқа күмәнданыппын. Тысқары жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеген жаны да, қаны да журналист Жақыпжан Нұрғожаев қаламгер қауымға басшылық етудің қыры-сырын іштей екшеп, ширата берген екен. Онысы газеттің қол қойған алғашқы нөмірінен-ақ менмұндалап айқын көрінді. Оқырман қолына бағыт-бағдары, безендіру ажары, мазмұн байлығы бұрынғыдан мүлдем басқа газет тиді. Былайынша, онда бүгінгі таңға тиісті тақырыптардың, ақпараттардың бәрі бар, бірақ жазылу мәнері, берілу тәртібі өзгеше. Тапқырлықпен тауып қойылған тақырыптар, айтары айқын айшықты айдарлар оқырман назарын бірден тартады. Кейбіреуі көптен толғатып көкейде жүрген пікіріңді ортаға салып, ой бөлісуге шақырғандай елең еткізеді. 
Әрі қарай ондай айдарлар жиілей түседі «Ғибрат», «Тағзым», «Ұлағат» тәрізді айдарлар көргені көп, көкірегі даңғыл кісілерден ғибрат алуға үндеп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, сый-құрметке бөленген адамдардан ұлағат алып, елге сіңген еңбегін қадірлеп, тағзым етуге шақырды. Ал заман ағынына қарай, нарық талабына орай туған «Кәсіпкерлікке – кең өріс», «Кәсібің – нәсібің» сияқты айдарлардың да айтар ақыл-кеңесі, үйретер үлгі-өнегесі өз алдына бір төбе. Бүгінде жегіқұрттай қоғамды іштен жеп ірітер зауалға айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы да күн тәртібінен түспей келеді. Оған арналған да айбарлы айдарлар бар.
Заман талабын, уақыт тынысын тамыршыдай дөп басып, тіке сезінетін бас редактор жаңа айдарлар мен тың тақырыптарды ғана қанағат тұтып отырмай, әр алуан мәселелерге арналған қосымшалар шығаруды да дағдыға айналдырды. Және олардың өз оқырманы, өз авторы, өз жанашыры бар. Мәселен, жастар мәселесін қозғаса, «Зерде» ұстаздардың көмекші құралы іспетті. «Шаңырақ» пен «Денсаулық» тікелей отбасына арналған. Газет ішіндегі газет сынды «Замандас» жастар тақырыбын қозғаса, «Ардагер» еңбек және соғыс ардагерлері жайлы шуақты сан-салалы мақалалар жазылды. Оның өзіне тән айдарлары бар.
Еліне еңбегі сіңген ардагер ағаларды ұдайы елеп, құрмет көрсетіп жүреміз бе? Олардың күнделікті тірлігі қандай? күнкөрісі нешік? деген мәселелер ұдайы күн тәртібіне қойылады. Бұл арада немқұрайдылыққа орын берілсе, ол кешірілмес күнә деп, тиісті ұйымдарға ескерту жасалып отырады. Сонымен қатар, қариялардың ой-өрісін кеңейтіп, жадын жаңғырту үшін атадан қалған асыл сөздер, мақал-мәтелдер беріліп тұрады. Әсіресе, бата сөздердің берілуі көптің көңілінен шықты. Олардың зерделі қариялар жаңадан шығарған соңғы нұсқалары да бар. Бата да бере алмайды деп кінәлайтын қазіргі қарттарымыз жаттап алса, бұл оларға орасан көмек.
«Жетісудің» демалыс күндерге арнап өзіндік пішіммен шығатын етжеңді нөмірі жұртшылықтың асыға күтіп, таласа оқитын құнды дүниесі. Осыдан үлгі алып, қазір облыстық газеттердің біразы сенбілік “етжеңді” нөмірлер шығаруды салтқа сіңіре бастады. Бұл «Жетісудың» өз әріптестеріне өнеге болған көшбасшы басылымға айналғанының айғағы. Сайып келгенде бұл дарынды басшы, даңғайыр ұйымдастырушы Жақыпжан Нұрғожаев бастаған ынтымақ-бірлігі жарасқан шығармашылық ұжымының тағылымды еңбегінің жемісі. Демек, белді бір авторы Наурыз Қылышбаевтың «Атыңнан айналайын «Жетісу» ұлт аманатына қиянат жасамай, осы киелі ұғымды күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Ұрпақ сабақтастығын үзбей келген шығармашылық ұжымының жетістіктеріне мақтанасың, ұзағынан болғай деп шаттанасың», – деуі тіпті, тегін емес. 
Басылымның бағы басшыдан. «Жетісудың» қазіргідей қалың оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп, абырой биігіне көтерілуі көбіне-көп білікті басшысы Жақыпжан Нұрғожаевтың еңбегі десек қателеспейміз. Ол ең алдымен бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай ынтымаққа ұйыстырып, тату-тәтті шығармашылық ұжым жасақтады. Шабытына жел беріп, талантына дем беріп оларды ортақ іске жұмылдыра білді. 
Жалпы Жақыпжанның басшылық тәсілі кісі қызығарлықтай. Ол қарауындағылардан сағат санап қасқабас тоғыздан қайысқан алтыға дейін қадалып, кеңседе отыруын талап етпейді. Жұмысқа қашан келіп, қашан кетсе де, мейлі үйінде отырса да әр журналистің аптасына бір әрі кетсе айында екі толғамды да тұшымды материал жазуын талап етеді. Тек қайда жүргенін, не тындырғанын хабарлап отырса болғаны. Бірақ аптасына бір лездеме өткізіп, шыққан нөмірді талдап, ой сүзгісінен өткізуді дәстүрге айналдырған. Онда әркімнің еркін сөйлеп, ой-пікірін ірікпей ортаға салуға мұрсат беріп, ешкімді ауыздан қақпайды. Асылы, ол ешкімге дігірлеп, дауыс көтермейді, ұрыспайды. Әсіресе, ер азаматтардың әріптес қыз-келіншектерге дауыс көтеруіне жол бермейді. Өзі оларды қызындай аялап, қарындасындай мәпелеп, келініндей сыйлайды. Сыйға-сый, қыз-келіншектер де оны әкесіндей қадірлеп қастер тұтады.
Кімді болсын тұрмыс билейтіні белгілі. Жағдайы жоқ қызметкер жартымды жұмыста жасай алмайды ғой. Сондықтан Жақыпжан қарауындағылардың тұрмыс жағдайын ұдайы назарда ұстайтын. Оның тұсында редакция қызметкерлерінің үйсізі болғаны жоқ. Облыс, қала әкімдіктеріне жүз сала жүріп бәріне пәтер алып берді. Талдықорғанға көшіп барған екі жылда-ақ жиырма бір пәтерге қол жеткізді. Тіпті, балаларының балабақшаға орналасуына, жолдастарының жұмыс табуына да қол ұшын беріп отырды. Қызмет қыл да, міндет ет, сосын жұмыс қалай жүрмесін. Басшының әкелік қамқорлығы қызметкерлерді қанаттандырмай қоймайды.
Бұрнағы жылы Жақыпжан 70 жасқа толғанда өзі үзбей он алты жыл басқарып, беделін биікке көтеріп кеткен «Жетісу» газетінің оған тұтас бір бетін арнап, оны «Сізден сездік қамқорлығын әкенің» атауында осындай мән бары даусыз. Осы орайдағы ойын:
Деген жоқсыз жақыным ең, жат едің,
Жасқадыңыз өмірдің сан қатерін.
Ел ағасы аталсақ та бұл күні, 
Сізден сездік қамқорлығын әкенің, – деп түйіпті ізбасар інісі әрі ақын Қуат Қайранбаев. Әрине, әке болу, әсіресе ұжымға әке атану үлкен бақыт.
Қаламы жүрдек, қиялы жүйрік журналистің бағыты қашанда жазушылыққа ұласады. Журналистиканың қазанында қайнап, жөргегінде шыңдалып шыққан жазушының қаламы шымыр, қадамы құтты, айтары айқын, ойы орамды болады. Журналистіктен жазушылыққа ойысып, кейін көркем дүниеге бет бұрған Жақыпжанның әдеби қыры бөлек зерттеуді қажет етеді. Оның оқиғасы әр алуан әсерлі әңгіме-хикаяттары, әдеби эсселері, әсіресе, маржан жырдың майталманы Мақаңдардың (Махамбет, Мағжан) алтын тұяғы Мұқағали Мақатаев туралы толғамдары көптің көкейінен шығып, жүрегінен өшпес орын алған тағылымды туындылар. 
Екі тізгін, бір шылбырын ұзақ жыл берік ұстап, беделін аспандатқан «Жетісу» газетін Жақыпжан Нұрғожаев зейнет жасынан асып құрметті демалысқа шыққанда туын жықпас сенімді қолға тапсырып кетті. Алматыда жүргенде-ақ аттай қалап «Спорт» газетінен шақыртып алып, орынбасары еткен, екі тілді бірдей ерттеп мінген, қазақша да, орысша да еркін жазатын, біраз уақыт облыстың орыс тіліндегі газетін басқарған дарынды журналист, арынды ақын Әміре Әрін қазір қамқор ағасы, қадірмен ұстазы аманат еткен «Жетісу» газетін өрге өрлетіп барады. Бұл да бір ұрпақ сабақтастығының, мүдде ортақтастығының жарқын үлгісі ғой деймін.

Сарбас Ақтаев
Алматы қаласы