Сабантой салтанаты

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 986
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының Ардагерлер саябағында Сабантой мерекесі жалғасын тапты. «Туған тель» татар этномәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен шара жер қадірін, достық қадірін ұлықтауда ұлы сипатқа ие. 

Татар халқының жиын-терім көп болсын деп ырымдаған тойы бүгінде жаңа рәуіште белең алып, заманауи реңкте көрініс тапқан. Бұл сөзімізге шара барысында бірлік мен ынтымақтың, береке мен татулықтың биік тұғырдан көрінгендігі дәлел. Татарлардың аталмыш тойының ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жауһарлары тізімінде көш бастап тұрғандығы мереке құндылығын тағы бір аңғартса керек. 
Татар-башқұрт мәдени орталығының шараға көп дайындық жасағандығы көрініп тұр. Алғашқы сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай өңір тұрғындарын Сабантой мерекесімен құттықтап, орталық белсенділеріне ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, шара қонақтарына шаттық пен шапағаттың шарапатты жолын тілек етті. 
Татар мен башқұрттың ұлттық киімін кигендер мереке сәнін келтіріп ән айтып, би биледі. Түрлі конкурстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Жастар жағы күрестен сынға түсіп, іс тігумен танылды. Міне, осылайша маңызы зор мереке биылғы астықтың бітік шығуына тілек етіп, түрлі этнос өкілдерінің көңіліне қуаныш нұрын төкті. Дәстүрлі мереке шымылдығы концерттік бағдарламамен жабылды.

 

Құралбек  СӘБИТОВ