ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТЕДІ

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1062
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен селекторлық жиналыста Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне дайындық жұмысы пысықталып, ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандардағы жұмыс  жайы сөз болып, ҰБТ қорытындысы туралы алдын ала болжам жасалды. 

Биылдан бастап елімізде қазақтың қасиетті қара домбырасын насихаттайтын Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл Елбасының Жарлығымен бекітілгенін ескерсек, оның мәні мен маңызының қаншалықты ауқымды екенін түсінуге болады. Жарлыққа сәйкес жаңа мереке қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында енгізіліп отыр. Ұлттық домбыра күні шілденің бірінші жексенбісінде аталады. Ал биылғы мереке 1 шілдеге сәйкес келіп тұр.
Мереке қарсаңында еліміздің әр өңірінде түрлі ұйымдастыру шаралары қолға алынуда. Оған Молықбай, Жамбыл, Кенен, Дәнеш, Нұрғиса, Еркеғали сияқты таланттар шыққан Жетісу жұрты да белсене атсалысуда. Ол туралы Жақсылық Мұқашұлы толыққанды баяндап берді. Сондай-ақ, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен облыстық басқармалардың өкілдерінен дайындық жұмысын сұрап шықты. Бұл қатарда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Төлеужан Ғұмаров пен Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев, сондай-ақ, Қапшағай, Кербұлақ, Алакөл, Сарқан аудандары әкімдерінің орынбасарлары жұмыс жоспарын таныстырды. Бірақ, олардың жоспары облыс әкімі орынбасарының көңілінен шықпады. Жаңашылдығы аздау, жаттанды, қайталанған сценариилерге құрылған болбыр жоспар, шалағай ұйымдастыру барысына сын-ескертпе айтып, көрсетілген кемшіліктерді түзетуді тапсырды. 
– Алдағы қос мерекеге дайындық мықтап қолға алынғаны жөн. Әсіресе, мерекені мерейлі өткізумен қатар, оның маңыздылығын жұртқа толық жеткізуге бар күшті жұмылдырған жөн. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін толық пайдаланған жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Осыдан кейін облыс аумағында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан білім беру, денсаулық сақтау, балабақша сияқты 30 нысанның бүгінгі жағдайы туралы сөз болды. Бұл жолы да Жақсылық Мұқашұлы әр нысанның жағдайын аудан әкімінің орынбасары мен мектеп директоры, мердігер компания өкілдерімен тікелей байланыс арқылы сұрап шықты. Осы барыста орын алған кемшіліктерді көрсетіп, кейбір түйткілді мәселені шешудің оңтайлы жолын көрсетті. 

 

Қажет АНДАС