Алакөлге ғарышкерлер келді

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 1301
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Туризм саласы үшін таптырмас мекен саналатын Алакөл жағалауына былтыр 750 мыңға жуық мейман сапарлай келсе, биыл бұл межені 1 миллионнан асыру көзделіп отыр. Шипалы көлді бойлай құлашын жайған Ақши, Көктұма ауылдары шекара сыртындағы белгілі демалыс аймақтарының ізін қуып келеді. Осы ретте көршілес Ресей мен Қазақстаннан бір топ танымал ғарышкерлер келіп, көл жағалауындағы демалыс орындарын аралап көрді. Емдік қасиеті бар көл суы кеңестік кезеңде ғарыш сапарынан келген азаматтарды қайта қалпына келтіру мақсатында пайдаланылғаны белгілі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл сапарда Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Кеңес Одағының Батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстан мен Ресей ғарышкері, қос мемлекеттің Халық Қаһарманы Юрий Маленченко, Ресей Федерациясының ғарышкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин сынды белді, белгілі азаматтар киелі өңіріміздің топырағына табан тіреді. Құрметті қонақтарды аудан әкімі Әлібек Жақанбаев әуежайдан арнайы күтіп алып, Алакөлдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Артынша Ақши ауылындағы «Grand Villa Resort» қонақүйінде ғарышкерлер журналистермен кездесу өткізіп, өз әсерлерімен бөлісті. Қадірлі меймандардың құрамында болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мурзамадиева көлдің киелігі мен шипалық қасиеті ықылым замандардан бері белгілі болғандығын, сол заматтарда қан майданнан қайтқан қазақ батырлары осы жерден ем қабылдап, сырқаттарынан айығатындығын жеткізді.
«Kazakh Tourism» ақпараттық-сараптамалық департаментінің директоры Батыр Қонақбаев: «Біз бұл шараны ғарышкерлердің Алакөлге келу салтын қайта жаңғырту үшін ұйымдастырып отырмыз. Тарихи деректерге сүйенсек, олардың ғарышқа жасаған сапарларынан кейінгі қайта қалыпқа келтіру процесі көлдің Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінде жүзеге асқан. Бұл жолы ғарышкерлерді Алматы облысына тиісті жағалауға әкеліп отырмыз», – десе, облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева: «Құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтері бар Алакөлдің емдік суы тері және тірек-қимыл жүйесімен байланысты ауруларды емдеуге,  жүйке жүйесі мен ағзаның жалпы күйін жақсартуға оң әсер етеді», – деп толықтырып кетті.
Артынша ғарыш кеңістігін бағындырған үш қазақ баласының бірі Талғат Мұсабаев демалыс аймағының, қызмет көрсету деңгейінің көңілінен шыққандығын жеткізіп, бұл жерге келіп тынығу әр қазақстандыққа бұйырсын деген тілегін білдірді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясынан арнайы келген А. Арцебарский, Ю.Маленченко, Ю.Батурин сынды ғарышкерлер Алакөлден алған алғашқы әсерлерін ортаға салып, тау мен көл қатар үйлесім тапқан өңірімізге міндетті түрде қайта келетіндерін айтып өтті.
Осындай белгілі азаматтардың ауданымызға ат басын тіреулері осындағы туризм саласының қарқынды дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл үрдіс өз жалғасын таба берсе, Алакөл болашақта миллиондаған мейман қабылдап, мемлекет қазынасына миллиардтаған қаржы құятын алпауыт демалыс аймағына айналатыны күмәнсіз.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы