Бесмойнаққа газ келді

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 2071
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұғымүйіз-Бесмойнақ тауының баурайында жатқан шалғайдағы елді мекенге табиғи газ келді. Бұл күні мұндағы тұрғындардың қуанышында шек болмады. Көгілдір отынды қосу рәсіміне ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін жиналды.

Газдың ашылу салтанатында мың жарымдай тұрғыны бар бесмойнақтықтардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Бағдат Әлиев оларды шын жүректен құттықтап, табиғи газдың игілігін көптеп көрулеріне тілектестігін білдірді.
Бұдан соң тұрғындарды аудан орталығынан алпыс шақырымдай қашықтықтағы елді мекенге құбыр тартып, газбен қамтамасыз етуші «Тәуекел Газ Құбыры» мекемесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Данияр Нұрбаев құттықтады. Ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар сияқты халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына газ түсіруде жеңілдік қарастырылғанын айтты. 
Мәслихат депутаты Тәуелсіздік күні, Астана күні сияқты айтулы мерекелерге орай да жеңілдік бар екенін тілге тиек етіп, жеке үйге газ түсіру құны 320 мың теңге болғанымен халықтың жағдайына қарай бағаны төмендететінін жеткізді.
Салтанатты шарада ардақты ана Күлпаш Кәрібаева, зейнеткер Нұрманбет Аманжолов тұрғындар атынан аудан басшылығына, газбен жабдықтаушы ұйымға ризашылықтарын білдіріп, Нұрманбет ақсақал көпшілікке бата берді. 
Осы ретте көгілдір отынды қосу рәсімін аудан басшысы  Бағдат Әлиев пен аталмыш серіктестіктің бас директоры Данияр Нұрбаев атқарып, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, көпшілік мәре-сәре болысты. Алыстағы ағайынның қуанышын аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншілері әсем әнмен әрледі.
Келесі кезекте қонақтар бірінші болып газға қосылған Дүйсебай Сұлтанғазыұлының шаңырағына бас сұқты. Онда көмір жағу машақатынан арылған үйдің қазаны енді таза отынмен қайнап, ырыс-берекесі арта берсін деген тілек айтылды.
«Тәуекел Газ Құбыры» ұйымы 2009 жылы Ұзынағаш ауылына газ жеткізді. Содан бері аудандағы 61 елді мекеннің   22-сіне табиғи газ құбырын тартып, бүгінде жоспарлы шаруаның 40 пайызын орындады. Ендігі кезекте Қазыбек бек, Ақсеңгір, Көкдала, Жайсаң, Үңгіртас сияқты ауылдар көгілдір отынға қосылмақшы. Осылайша биыл бес елді мекенге газ кіргізіп, жоспарды 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қазір аудан тұрғындарының 28 пайызы табиғи газды пайдаланады. Бұл көрсеткіш кейінгі жылдары күрт көтерілді. Жалпы 2025 жылы аудан орталық газ жүйесіне толық қосылмақшы. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Бесмойнақ ауылы,
Жамбыл ауданы