ҮШ ТІЛДЕ ҮШ МЫҢДАЙ МАҚАЛА ЖАЗДЫ

Уақыты: 22.01.2019
Оқылды: 1080
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Жастар жылына орай «Жастар - ел мақтанышы» атты "Wiki Camp" акциясы өтті. Акцияға шамамен 100 оқушы қатысты. Олар Алматы облысының дамуына өз үлесін қосқан және әртүрлі қызмет саласындағы ең үздік жас мамандар туралы мақалалар жазды.

2013 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Википедия» клубы белсенді жұмыс жасап келеді. Клуб мүшелері әртүрлі тақырып бойынша онлайн-энциклопедияға өз бетінше қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде мақала жазып, толтырады. «Википедия» клубының ашылуынан бастап Талдықорған Зияткерлік мектебінің оқушылары тарихи-мәдени мұралар, ғылыми жаңалықтар және Қазақстанның қазіргі заманғы жетістіктері туралы үш мыңдай мақала жазды.

- "Википедия" клубы мектеп оқушыларының мақалаларды жазуға және редакциялауға дағдыландырады. Оларды академиялық адалдық пен жауапкершілік қағидаларын ұстана отырып, шығармашылықпен айналысуға үйретеді. Біздің оқушылар үшін бұл әлемнің бөлігі болуға, қазақша википедия мазмұнын дамытуға үлес қосудың керемет мүмкіндігі. Шын, мәнінде бұл - үлкен жоба, - деп мектепшілік "Википедия" клубының үйлестірушісі Назира Сұлтанова өз пікірін білдірді.

"Википедияның" бірінші президенті – мектеп түлегі Құдайберген Дәулеткерей. Гонконгта және Лондонда өткен «Wikimania-2013», «Wikimania-2014» халықаралық конференцияларының қатысушысы болған. Бүгінгі таңда "Википедияның" жұмысын 10-сынып оқушысы Жемісбек Дилназ жүргізеді.

2012-2013 оқу жылынан бастап барлық Зияткерлік мектептерде "Википедия" клубы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда оқушылар барлығы 20 мыңнан астам мақала жазды. Танымал веб-сайттың тілдер рейтингінде "Википедияның" қазақ бөлімі 39-шы орынды иеленген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"