АУДАН ӘКІМІ КӨЗ ЖАСЫН ТӨККЕН АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 22.02.2019
Оқылды: 1305
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев көпбалалы аналармен екінші рет кездесті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында жұртшылыққа алғашқы басқосудан кейін атқарылған жұмыстар жайлы баяндалып, аналардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

- Астанада болған қайғылы жағдай бәріміздің жүрегімізге жүк түсіргені рас, - деді Жандарбек Ермекұлы сөзінің басында. - Бес баланы дүниеге әкелу, оларды бағып-қағып өсіру, өміріңнін мәні мен үмітіңнін шырағына айналған осындай бүлдіршіндерден қас-қағым сәтте айырылып қалу қаншалықты ауыр екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Елімізде мұндай қайғылы оқиға болашақта қайталанбасын деп тілеймін. Осы мақсатта қазір барлық деңгейде арнайы комиссиялар құрылып, қалыптасып отырған жағдайға сараптама жасауда. Комиссиялар жұмысының қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

Осыдан кейін аудан әкімі алғашқы кездесуде 81 көпбалалы ананы тыңдағанын айта келіп,  нәтижесінде облыстық комиссияның қарауына жіберілген ұсыныстарды тізімдеп берді. Мұнда біріншіден көпбалалы отбасында тәрбиеленетін сәбилердің балабақшадағы тамағын тегін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Мектепке баратын балалардың да түскі асын мемлекет есебінен төлеу, оларға оқу жылы мен жаңа жыл қарсаңында көрсетілетін әлеуметтік көмекті  жүйелеу де маңызды. Сол сияқты көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде тегін жүруіне жағдай жасау, коммуналдық төлемдерге 50 пайыздық жеңілдік, ал мүмкіндік болып жатса мұны да тегін атқару ұсынылған. Көпбалалы аналардың көпшілігі баспанаға зәру екені түсінікті. Сондықтан, оларға пәтер алу кезінде алғашқы жарнасыз, айына 35-40 мың теңгеден аспайтын төлем белгілеу көзделген. Бірақ мұдай пәтерлер жекешелендіруге, сатуға жатпайды.

Осыдан кейін Жандарбек Ермекұлы кездесуге келген аналарға сөз кезегін берді. Әңгіме барысында бұл жиынға көпбалалы аналардың ғана келмегені белгілі болды. Олардың қатарында қандайда бір түйткілді мәселелерге жолыққан жандар да баршылық екен. Мысалы, алғашқы болып Қаскелең қаласындағы бір көшенің тұрғындары атынан сөз алған Гүлстан Медетбекова жоғары кернеулі электр желісін жүргізетін компания қиындықпен салынған үйлерін сүріп тастаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп отырғанын көзінің жасын төге отырып жеткізді. Аудан әкімі аталған көшеге барып, мәселені сол жерде шешуге уәде берді.

Бір кейуана «Алтын Орда» базарының басшысын ауыстыру жайлы талап қойса, бес баланың анасы Сәуле Татжанова Өзбекстанның азаматы болып табылатын жұбайынан балаларға төленетін алиментті сот арқылы ала алмай отырғанын қинала жеткізді. Жалғызбасты аналар керекті құжаттарды өткізе алмай жүргендіктен әлеуметтік жәрдемақыдан қағыла беретіні де белгілі болды. Жиын барысында ауылдардағы үш ауысымды мектептер мен жол мәселесі, көшелерді жарықтандыру және газдандыру жұмыстарындағы олқылықтар да әңгіме өзегіне айналды. Ықтияр хатпен елімізде тұрып жатқан жалғызбасты ананың қиналысына да осы жерде куә болдық. Төрт баласы бар отбасын көпбалалы деп тану-танымау жөнінде мәселе де көтерілді. Үй-күйі жоқ, мүгедек сәбиін бағып отырған жалғызбасты ананың да сөздерін жүрегің шымырламай тыңдау мүмкін емес. Кездесуде күйеуінің тастап кеткенін айтып, налығандар да табылып жатты.

Дегенмен, әкіммен кездесуге келген аналардың көпшілігі балаларына қалыпты  тұрмыс пен лайықты білім беру үшін жағдай жасау қажеттігіне баса көңіл бөлді. Атап айтқанда, отағасы 60-70 мың теңге жалақы алған күннің өзінде төрт және одан да көп балаға берілетін 10 мың 500 теңге ең қарапайым қажеттіліктерді өтеуге жетпейді. Сондықтан, мемлекет кез-келген шаңырақтағы әр балаға 20 мың теңгеден төмен жәрдемақы төлемеуі тиіс. Қазіргі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы көпбалалы аналар үшін өте тиімсіз, сондықтан олар үшін алғашқы жарнасыз жалға берілетін (арендалық) тұрғын үй бағдарламасын қайтадан жандандыру қажет. Емхана, ауруханаларда көпбалалы отбасының, жалғыз басты аналардың балаларын жеңілдікпен қабылдауға, қала, аудан демей, қоғамдық көліктерде жеңілдіктер жасалса деген талап-тілектер айтылды. Бұл жерде «Оңай» жүйесін пайдалану аудан тұрғындарына да енгізілсе құба-құп болар еді. Мемлекеттік мекемелер, соның ішінде білім беру саласы, жұмыспен қамту орталығы  мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері тұрғындарды алалауға жол беретіні де сөз болды. Бұл халық арасында наразылықтың тууына негіз болып отыр. Аздан кейін ашынған аналарды сабырмен сөйлеуге шақырудың өзі мүмкін болмай қалды. Әр ананың ар жағында бір отбасының тағдыры, ашуы мен наласы бары аңғарылды.

Осы және басқа да ұсыныс-тілектерді тыңдаған Жандарбек Ермекұлы жергілікті биліктің құзырындағы мәселелерді шешуді орынбасарлары мен тиісті салалардың басшыларына тапсырып, мемлекеттік деңгейдегі жайларды арнайы  комисияға жеткізуге уәде берді.  Бұл жиын қоғамымызда жылдар бойы айтылмай келген жабулы жараның бар екенін тағы да бір айқындап берді. Ендеше, соқтасы жарылмай тұрып, қоғамды сауықтыру  шараларын жүргізген жөн.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

"Жетісу"

Қарасай ауданы

Алматы облысы