"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ БІРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ КИІМГЕ КӨШТІ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 2467
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін жүз бірінші көктемін қарсы алған "Жетісу" газетінде рухани-тағылымдық әрі ұлттық мән-мағынасы зор шара шымылдығын түрді. Газет журналистері бірыңғай ұлттық киім киюге көшті. Мыңдаған жылдың жұмбағын жасырған қазақы ою-өрнек енді ұлттық мүдде біріктірген тілшілердің үстінде жарқырамақ.

Игі бастамаға орай редакцияда арнайы жиын өтіп, әріптестер бір-бірін көктемнің алғашқы мерекесі - Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. "Жетісу" газетінің Бас редакторы Әміре ӘРІН нөмірден-нөмірге дейін деп өмір сүретін, үнемі қауырт жүретін әріптестеріне алғыс айтып, ақжарма құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, бүгін - газетіміздің жауапты хатшысы Гаухар Дүйсенбаеваның туған күні. Бүгін газет шығатын қарбалас күн болса да, ұжымдағы қос қуаныш әдемі ақ тілектермен, керемет көңіл-күймен көмкерілді.

Бұл бастаманың мақсаты - сырт киім үлгісімен ғана қазақ екенімізді көрсету емес, ұлтқа деген шексіз құрметтің бір белгісі десек те болады. Алатаудың ар жағындағы қырғыз ағайынның Парламентте ақ қалпақпен, өз ағам дейтін өзбек бауырлардың ала шапанмен жүретінін, тәжіктердің мектеп формасына дейін ұлттық киімге негізделгенін ескерсек, Ұлы дала перзенттері неге төл құндылығын мақтан тұтпасқа?!

Көңілге де көктем сыйлаған газет журналистерінің бұл бастамасы ең алдымен Ұлыстың ұлы күні - Наурызға деген ерекше құрметті білдіреді. Жаңа бастама Ұлыстың ұлы күнін 22 наурыз күні түске дейін киіз үй аралап, көже ішумен аяқтайтын көзбояу көрініске тосқауыл болмақ. Қашанда халық пен билік арасына алтын көпір орнатып, ақпараттардың ақ-қарасын ажыратып, жұртшылыққа жіліктеп жеткізетін абыз басылымның бастамасы басқа да әріптестерге ой салып, ары қарай жалғасын табады деген сенімдеміз.

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"