ИНЖЕНЕРЛІК БІЛІМ: ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Уақыты: 16.09.2019
Оқылды: 1316
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті оқырман! Сіздердің назарларыңызға Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы - KazSEE директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол ӨМІРЖАНОВПЕН сұхбатты ұсынамыз.

- Есбол Тоқтарбайұлы, бүгінде еліміздің жоғарғы оқу орындары тәуелсіз аккредитеуді жүзеге асыруда. Осыған байланысты өзіңіз қызмет істейтін агенттік қандай жұмыстар атқаруда?

- Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы - KazSEE 2007 жылы дербес қоғамдық және кәсіби ұйым ретінде құрылған болатын. 2017 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің бұйрығымен дербес аккредитациялық орган ретінде №1 Ұлттық реестрге бес жыл мерзімге енгізілді. Бүгінде KazSEE еліміздегі инженерлік білім беру бойынша маманданған жалғыз аккредитациялық орган және инженерлік білім беру бойынша еуропалық ENAEE жүйесінің толыққанды мүшесі. Осы уақыт аралығында Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE бірқатар еліміздің беделді жоғары оқу орындарын институциялық аккредиттеуден, сонымен қатар, көптеген инженерлік бағыттағы оқу бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеуден өткізді.

- Орайы келгенде тәуелсіз аккредиттеу жайлы мәлімет бере кетсеңіз.

- Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Білім туралы Заңына сәйкес, білім беру ұйымдарын аккредиттеу – білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін тану рәсімі.

Білім беру ұйымын аккредиттеу білім беру ұйымының қаражаты есебінен ерікті негізде өткізіледі. Білім беру ұйымдары №1 Ұлттық реестрге енген аккредиттеу органдарының тізіліміндегі аккредиттеу органдарында институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуден өтуге құқылы.

- Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеудің айырмашылығы неде?

- Институционалдық аккредиттеу - білім беру ұйымы сапасының мәлімделген мәртебесіне және аккредиттеу органының белгілеген стандарттарына сәйкестігін аккредиттеу органының бағалау процесі. Бір сөзбен айтқанда аккредиттеуші органның стандарттарына оқу орнының атқарып жатқан қызметінің сәйкестігін тексеруі.Мамандандырылған аккредиттеу - білім беру ұйымы іске асыратын жекелеген білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау, яғни, оқу орны жүзеге асыратын оқу бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеріп, сарапшылар тарапынан ұсыныстар, кеңес беру және басқалары.

- Сіз қызмет жасайтын Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы - KazSEE басқа қандай қызмет түрімен айналысады?

- Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE №1 Ұлттық реестрге енгенге дейін көптеген жобаларға қатысып, еліміздің инженерлік білім саласының дамуына атсалысты. Дәл қазіргі кезде инженерлік білім беру сапасын көтеруге бағытталған Еуропалық Одақ қаржыландыратын ERASMUS+ ENTER - EngineeriNg educoTors pEdagogical tRaining - 598506-EPP-1-2018-1-PT-EPPKA2-CBHE-JP халықаралық жобасына қатысуда.

Аталған жоба инженерлік пән оқытушыларының біліктілігін көтеру жүйесіне қойылатын талаптарды зерттеп, жаңаша бағытта ұсыныстар қалыптастырады. Жобаның басты мақсаты инженерлік жоғарғы оқу орындарының оқытушыларының біліктілігін көтеру бойынша айрықша білім беру бағдарламаларын жасап шығару болып табылады.

Бұл жобаға Қазақстан, Ресей, Эстония, Португалия, Словакия сияқты бес мемлекеттің жоғарғы оқу орындары мен аккредитациялық органдары қатысады. Атап айтқанда, Порто политехникалық университеті (Португалия), Дубницк технологиялық университеті (Словакия), Таллин техникалық университеті (Эстония), Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстанның инженерлік білім беру ассоциациясы KazSEE (Қазақстан), «Болон клубы» білім беру саласындағы стратегиялық бастамалар агенттігі, Ресей инженерлік білім беру ассоциациясы АИОР, Вятск мемлекеттік университеті,Дон мемлекеттік техникалық университеті, Қазан ұлттық технологиялық зерттеу университеті, Тамбовмемлекеттік техникалық университеті, Томск ұлттық политехникалық зерттеууниверситеті (Ресей) қатысады.

Жоба бойынша қатысушылардың жұмыстары екі рет бас қосуда талқыланды. Бұл бас қосулар Порто  политехникалық университеті мен Тамбовьмемлекеттік техникалық университетінде орын алды. Келесі бас қосу әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткізіледі деп күтілуде.

- Бұл жобаның нәтижесі қандай болмақ?

- Жобаның мақсаты инженерлік білім берумен айналысатын оқытушылардың біліктілігін көтеру болғандықтан басты нәтиже сол ұстаздарға арналған біліктілікті көтеру курстары болмақ. Жоба аясында үш деңгейлі оқу курстарын жасақтау көзделіп отыр:

1-деңгей - қысқамерзімді курс (мысалы, 2 ECTS) - Сертификат «Біліктілікті арттыру»;

2-деңгей - Педагогтарды кәсіби қайта даярлықтан өткізу (мысалы, 8 ECTS) Диплом «Жоғарғы білім оқытушысы»;

3-деңгей, халықаралық (мысалы, 20 ECTS) - «Инженер-педагог» толық бағдарламасы, бұл деңгей халықаралық аккредитациядан өткізуді қамтиды. Бұл бағдарламадан өткен педагог халықаралық дәрежеге ие болады және дербес субъект ретінде аккредитациядан өтеді.

- Бағдарламадағы ECTS деген нені білдіреді?

- ECTS оқытудың кредиттік жүйесінің өлшем бірлігі. Яғни, оқытушының біліктілігін көтеруде қанша кредит көлемінде бағдарлама игеретіндігі.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы