ТАЛДЫҚОРҒАН: МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ СТЭНФОРД УНИВЕРСИТЕТІНЕ БАРЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 16.09.2019
Оқылды: 990
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ерасыл Мырзатаев өзін бақытты санайды. Жоғары академиялық жетістіктері үшін мектеп Ерасылға АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде жазғы тілдік курстан өтуге жолдама берді.

Әлемдегі ең білікті оқытушылар мен профессорлардан білім алу мүмкіндігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тағы бір ерекшелігі. Бұл мүмкіндік тек ең үздік оқушыларға беріледі.

Стэнфорд университетіндегі тренинг екі аптаға созылды, қатысушылар анатомия, ойлау дизайны, бизнес және кәсіпкерлік, демократия, шешім қабылдау, қабылдау комиссиясы бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысты. Ерасылдың айтуынша, олардың ішіндегі ең қиыны - Стэнфордтағы қабылдау комиссиясы.

«Көптеген оқушы Стэнфорд университетінде оқығысы келеді, бірақ ол жаққа тек санаулысы ғана түсе алады, өйткені, бұл АҚШ-тың таңдаулы және сұранысқа ие университеттерінің бірі. Комиссияның түпкілікті шешім қабылдаудағы басты талабы - болашақ студенттің көшбасшылығы, әлемді өзгертуге және ғылымның дамуына үлес қосуға дайын болуы», - дейді Ерасыл.

Төрт жыл бойы Ерасыл «Супер оқушылар» жобасы аясында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесіп, биология саласындағы ғылыми жобалармен айналысты. Ерасыл инженерия саласындағы мамандықты таңдауды жоспарлап отыр.

«АҚШ-ғы жаздық курс маған өзімді тұлға ретінде түсінуге көмектесті, басқа елдердің студенттерімен танысуға, олардың мәдениетін білуге мүмкіндік берді. Осы екі апта ішінде мен тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар, көптеген елдерден және әртүрлі континенттерден келген оқушылармен дос бола алдым. НЗМ-ға, оқушыларға, мұғалімдерге пайдалы болатын әдістер мен тәсілдерді енгізу жолдарын үйрендім», - деп Ерасыл Мырзатаев өз пікірін білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"