ЖАСТАР ЖЫЛЫ: ТАЛДЫҚОРҒАНДА СТУДЕНТТЕР КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2019
Оқылды: 1415
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған агротехникалық колледжінде Жастар жылына орай студенттер кеші ұйымдастырылды.

Колледж жатақханасында өткен шараны жатақхана жетекшісі Салтанат Рахымова, жатақхана тәрбиешілері Шолпан Өскембаева мен Гүлім Құлымбетова және студенттер бірлесе ұйымдастырыпты. Оған білім ордасының радиотехнология және ақпараттық жүйелер бөлімінің меңгерушісі Елдос Жұманов, ветеренария және экология бөлімінің меңгерушісі Ілияс Қасымбеков арнайы қатысып, студенттердің өнеріне баға берді.

Колледжде мыңға жуық студент оқыса, бүгінде оның отбасылары алыста тұратын үш жүзге жуығы жатақханада тұрады. Қалғандары қала маңындағы ауылдан келетіндер. Оқу орнында жатақханамен тегін қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Оның үстіне жатақхана ғимаратында көпсалалы кітапхана, спорт кешені, қолөнер және би үйірмесіне арналған дайындық бөлмесі, компьютер орталығы, музыка залы, тағы да басқа да студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға арналған бөлмелер бар. Бәрі де заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Шара жатақханаға кіреберісте басталып, кітапхана, спортзалы, би үйірмесі, компьютер орталығында жалғасын тапты. Кіреберіске арнайы плакат ілініп, сахна жасалды. Ондағы барлық безендіру жұмысына студенттер өз еріктері бойынша атсалысыпты. Сондай-ақ, ашылу салтанатында Аяулым Дәуітәлиева, Валерия Тотьмянина, Ксения Розенберг, Малика Жетербай, Аружан Жексембекова, Рифия Бақтиярова сияқты биші қыздар би билеп, Элмира Қабидолдаева, Валентина Полинякина әуелетіп ән шырқады. Әр топтан құралған студенттер спорттық және жайдарман ойындарынан үзінділер көрсетті.

Басқарушысы да, қатысушысы да студенттер болғандықтан, шара еркін форматта өтті. Көптің ішінен суырылып шығып, өнерін көрсетіп, бірін-бірі құттықтап, жылы лебіз білдіргендер де көп болды. Қай қырынан келсек те, студенттердің жаңа заманға сай, жалынды істерге қадам басқанын аңғардық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы