АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 1412
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашовтың қатысуымен қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған селекторлық жиын өтті.

Күн тәртібіндегі басты мәселе «Қыс – 2019» оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге байланысты облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерлан Нұрпейісов баяндама жасады. Ол қыс кезіндегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-әрекеттерді, атап айтқанда, көшіру іс-шараларын, ішкі істер органдарымен өзара әрекеттесу жоспарларын нақтылады. Өз сөзінде:

– Барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысы, жедел кезекшілік пен басқарудың ұйымдастырылуы, хабарлау және байланыс жүйесінің дайындығы толықтай тексерістен өтті. Қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметінің құрылымы мен құрал-саймандарының есебі де анықталды. Энергия, газ, жылу, ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінің және көлік қатынастарының жұмыс істеуге дайындығы, тәуелсіз энергиямен қамтамасыз ету көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың шамасы белгілі болды, – деді.

Селекторлық жиын барысында ауа райы болжамы мен жолда жүру ережесі де сөз болды. Мамандар метеорологиялық мәлiметтердi тыңдауды, ауа райының өзгерiсiн бақылауды ескертеді. Одан бөлек, автокөлікпен алыс сапарларға шыққан жағдайда көліктің ақаулығын жөндеп, қағаз түріндегі картаны алып жүру, автожолдардың бойында орналасқан жылыту пункттерін анықтап алу керектігі де айтылды.

Соңынан облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов дайындық барысын тағы да пысықтау қажеттігін ескертіп, өз бақылауына алатындығын жеткізді.

Төтенше жағдайлар мен оқиғалар орын алған кезде «101», «102», «112» телефондарына хабарласу керектігі ескертілді.

Е. МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды