ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ БАРЫН СҰРАДЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ВИЦЕ-МИНИСТР КЕЛДІ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 976
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу жеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос РАМАЗАНОВ арнайы іссапармен келді. Елдос Мұратұлы Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларындағы спорттық нысандарды аралап көрді.

Ең бірінші елордадан келген қонақ Көксу ауданындағы Б.Оңғаров атындағы стадионның жұмысымен танысты. Өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген стадионның жұмысымен толықтай танысқан вице-министр оң бағасын берді. Сондай-ақ, стадион базасында орналасқан Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебін де аралап көрді. Спорт мектебі жайлы толық ақпаратты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев айтып өтіп, өңірдегі спортшылардың жетістігіне тоқталды.

Гір тасын көтеруде Азия чемпионы Әбдуали Тастановтың қарамағында жаттығып жатқан оқушылардың өнерін тамашалаған Елдос Рамазанов жас өрендердің алдағы қадамына сәттілік тіледі. Одан кейін дзюдо, еркін күрес залдарына кіріп, спорттық шаралардың нәтижесіне қанық болды. Одан кейін жасыл алаңдағы футбол жаттығуын көріп, бапкерден шешімін таппай жатқан қандай мәселелер барын сұрады. Бапкер жаттығу жұмыстары, спорттық нысан бойынша сұрақтары жоқ екенін, алайда алдағы уақытта жалақы көлемін жолға қойылса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге, балалардың жарысқа шығуына қаражаттың аз бөлінетіндігін айтты. Елдос Мұратұлы бұл мәселе республика көлемінде бар екенін және оны шешу жолдарын қарастырып жатқанын тілге тиек етті.

Одан кейін елордалық қонақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс өз жоспары бойынша уақытынан кешіктірілмей жүргізілуде. Спорт нысанының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталады деп күтілуде. Құрылысты жүргізіп жатқан – «NEFT» ЖШС. Кешеннің құрылысы 2019 жылдың 22 тамызында басталған. 2020 жылдың 22 қазанында пайдалануға берілмек.

Іссапарын Талдықорған қаласында жалғастырған вице-министр құрылысы қарқынды жүріп жатқан жүзу бассейнінің жұмысымен танысты. Қомақты қаражатқа салынып жатқан спорттық нысанға қатысты сөз сөйлеген Елдос Мұратұлы бұл кешен тек қаланың ғана емес, ертең елдің есімін айғақтайтынын атап өтті. Әлемдік стандартқа сай, республикада теңдесі жоқ бассейн келер жылы толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұл жайында қауыз құрылысының басшысы Мұстафа Афраилов баяндап берді. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев алдағы уақытта бұл нысанға арнайы біліктілігі жоғары мамандарды тартып, жас жеткіншектерді жүзу спортына баулу жұмыстары қолға алынатынын және әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізілетіндігін тілге тиек етті.

Облыс орталығынан кейін Елдос Мұратұлы Ескелді ауданы мен Текелі қаласындағы спорттық нысандарды аралады. Ескелді ауданында да дәл осындай үлкен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ол да өз кезегінде жоспар бойынша салынуда. Бүгінгі таңда спорт саласы бойынша Алматы облысы жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Бұл жайында Текелі қаласындағы спорт мектебінде баяндап өткен Нұрбақыт Молдахметұлы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың да есімдерін атап өтті. Жетісу жеріндегі спорт саласының жай-күйімен танысқан вице-министр жауапты мамандарға сәттілік тілеп, өңір жұмысына жоғары баға берді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы