"ЖЕР БЕРУ - ЖАҚСЫ БАСТАМА": БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1459
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Арнайы жұмыс тобына жетекшілік етіп, Алматы облысына іссапармен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ Б.Римова атындағы облыстық драма театрында көпшілікпен кездесіп, қоғам белсенділерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жиынды облыс әкімі Амандық Баталов ашып, Бердібек Машбекұлының ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын халыққа насихатау мақсатында келгенін жеткізіп, құрметті қонаққа сөз кезегін берді.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев негізгі міндет Жолдауда айтылған мәселелердің қалай орындалып жатқанын, алда қандай мақсаттар тұрғанын халыққа жеткізу екендігін айтты. Осы орайда атқарылып жатқан бірқатар шараларды атап өтті.

- Мемлекет халық алдындағы міндеттерін толығымен орындап келеді. Жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы уақытылы төленуде. Халықтың даму көрсеткіші 4 пайызға өсіп отыр. Жылдан-жылға әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі де артуда. Көпбалалы отбасына қолдау көрсетіп, атаулы әлеуметтік көмек беру мақсатында 257 млрд. теңге қаржы бөлінді. Несиелердің айыппұлдарын өтеу үшін де 147 млрд. теңге қарастырылды.

Заман талабына сай маман даярлау да өзекті мәселе. Бізде 132 жоғары оқу орны бар. Бұл 18 миллион тұрғыны бар халық үшін өте көп. Сондықтан да сапасыз білім беретін бірқатар жоғары оқу орнын жабу жайын қарастырып жатырмыз.

Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, медицинаны дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама дайындадық. Осыған орай әрбір елді мекенде медициналық бөлімше болу керек. Бүгінгі таңда 5000 дәрігер жетіспейді. Осы сынды мәселелерді толығымен шешіп, 5 жылда барлық елді-мекенді дәрігерлермен қамтамасыз етпекпіз. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа жеткізу де насаналы ісіміздің бір парасы.

Тұрғындарды сапалы, бағасы төмен дәрі-дәрмекпен қамту да өзекті мәселе. Осы орайда барлық дәріханадағы дәрілердің құны бірдей болуын және бағаның негізсіз өспеуін қамтамасыз етпекпіз.

Тәртіп бұзушылық, жастардың өз-өзіне қол салуы сынды өрескел істердің орын алмауы үшін әр қалада Талдықорғандағыдай спорт кешендері болуы керек. Бұл тұрғыда мектептің спорт залдарын демалыс күні жалға беруге мүмкіндік жасалуда. Ол арқылы мектеп өзіне қаржы тапса, көпшілік спортпен айналысып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады.

Халықты еңбекпен қамтамасыз етуде жұмыспен қамту орталықтарына жаңаша талап қойылуда. Ендігі ретте орталық мамандары бос жұмыс орындарын күтіп отыра бермей, ірі кәсіпорын, кәсіп иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, бос жұмыс орындарын анықтайтын болады, - деді Бердібек Машбекұлы.

Үкімет басшысының орынбасары жаңа жылдан бастап, атаулы көмекті тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіліп жатқанын, ендігі ретте төрт және одан көп баласы бар аналар табысты растамай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек ала алатындығын алға тартты. Аз қамтылған отбасына бұдан да басқа көмек түрлері көрсетілетіндігін жеткізді.

Бұдан соң жиынға қатысушылар еркін диалог жағдайында өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Көпбалалы ана Ботагөз Нұрдәулетова мемлекеттен бүгінге дейін қамқорлық көріп, екі студент баласының тегін білім алып жатқанын жеткізсе, «Айналайын» балалар үйі директорының орынбасары Несіпжамал Баймадиева облысымызда жетім балалар баспанамен қамтылып, Талдықорғанда 60, Қарасай ауданында 100 пәтерлі үйдің берілгенін қуанышпен жеткізді. Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Абилова облысымызда халықтар достығы мен бірлігін сақтауда Ассамблея аясында кең көлемді шаралар атқарылып, Тіл сарайында мемлекеттік тілді үйренемін дегендер үшін тегін дәріс берілетінін атап өтті. Облысымыздың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев та ел тұтастығы ауызбіршілікте, Президентке деген сенімінде екенін алға тартты.

Шараны қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы жетісулықтардың әлеуметтік жағдайы жыл сайын өсіп келе жатқандығын, оған ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауы арқау болып отырғанын айтып, Бердібек Машбекұлына өрелі әңгімесі үшін алғысын жеткізді.

* * *

Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғандағы ең биік тұрғын үйлердің бірінде тұратын, Бәйкен Әшімов көшесі, №13 үйдің тұрғыны, көпбалалы Қалабаевтар отбасына кіріп, жағдайымен танысып шықты. Кәмелеттік жасқа толмаған 4 баланы тәрбиелеп отырған отбасы 3 бөлмелі пәтерді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Тұрғын үй жинақ» банкінің салымымен алып отыр.

Одан соң жұмыс тобы он алты қабатты тұрғын үй кешенінде орналасқан, қалалық емханаға қарасты алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына келді. Орталық биыл қыркүйек айында ашылған. Көпшілікті қарсы алған қалалық №1 емхананың бас дәрігері Ләйлә Төлеуханова медициналық орталықтың заманауи технологиямен толық қамтылғанын атап өтіп, ондағы мамандардың жұмысын таныстырды. Атап айтқанда, 5, 6, 7, 8 ықшамаудандардың 16 мың 157 тұрғынына медициналық көмек көрсететін орталыққа күніне 400-ге жуық адам келіп, 20 білікті маманның тексеруінен өтеді. Одан бөлек, 45 орташа медициналық маман көпшіліктің көңілін тауып, қажетті дәрі-дәрмегі мен лайықты ем алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, диагностикалық көмек көрсету бөлімінде науқастың лайықты ем алуына қажетті кеңестер беріледі.

Құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі Камалжан Надыров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов сынды жұмыс тобын бастаған ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев дәл осында орналасқан «Jetisu Hub» орталығының жұмысымен де танысты.

Көпшілікті қарсы алған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Талғат Омаров жаңа бастамаларға қолдау көрсетіп, заманауи технологияның тілін меңгеруге құштарлық танытқан жастардың қабілет-қарымын ұштауға осы орталық мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Мұнда ашылған ІТ сыныптар мен кабинеттерде робототехника курстары оқытылып, техникалық ағылшын тілі үйретіледі. Сондай-ақ, стартап идеялардың жүзеге асуына мүмкіндіктер беріледі. Жаңа бастамасы көп орталықтағы оқушылармен аз-кем тілдескен вице-Премьер жастардың қандай мамандықтарды меңгеруге құлшынысы бар екенін сұрап, білді.

* * *

Бердібек Машбекұлы облыстық жастарға қызмет көрсету орталығында да болды. Мұнда ол аймақ жастарымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуге еріктілер, жас кәсіпкерлер, белсенді жастар қатысты. Олар өздерінің ұсыныстарын білдіріп, көкейінде жүрген сауалдарын қойды.

Жетісу еріктілерінің жетекшісі Жазел Дүкебаева еріктілердің белсенді жұмысының нәтижесінде 5 көпбалалы отбасына үй сатып алынғанын жеткізді. Одан бөлек, қарттарға, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға да көмек қолын созады. Ерікті ретінде тіркелген университет студенттерінің шәкіртақысына қосымша үстеме төленеді. Бұл орайда Жазел Дүкебаева коллежд білімгерлері де үстемақы алса деген ұсынысын білдірді.

Өз кезегінде қала тұрғыны Нұрболат Қарабасов мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқтала келе, «Бақытты отбасы» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілсе деген ұсынысын ортаға салды. Яғни, аталған жобаға мүмкіндігі шектеулі жан 18 жастан кейін қатыса алмайды. Үй кезегін он жылдап күтеді екен. Сонымен қатар, «Асар» оңалту орталығының директоры Елдос Баялышбаев мүгедектерге арналған арбаның сапасы әрі қолжетімділігі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, 10 гектардан жер беріліп, жастарға қолдау көрсетілетіні де айтылды. Барлық қатысушының ұсыныс-тілегін тыңдаған Бердібек Машбекұлы:

– «Жас кәсіпкер», «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламаларға қосымша қаражат бөлініп, гранттар саны көбейтілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметші мамандығы қосылады. Сондай-ақ, жастар орталықтарына 10 гектардан жер беру – жақсы бастама. Осыны барлық өңірлерде таратуды жоспарлап отырмыз. Еріктелерге келетін болсақ, олардың қатары өнер, мәдениет саласында да артады. Колледж білімгерлеріне де қосымша үстемақы төленеді, – деді.

Сөз соңында Үкімет басшысының орынбасары: "Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаның жаңа моделін Көкшетауда «Тыныс» фирмасы құрастыруда. Міне, 3-4 айдан бері ақылдаса отырып, кемшіліктер ретке келтіріліп, барынша жеңіл әрі қолдануға ыңғайлы жағы ойластырылуда. Келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда бар", – дей келе, жастарды ұлттық құндылықтарды сақтап, дәріптеуге шақырды. «Қазақтың ұлы», «Қазақтың қызы» деген ұғымдарға кір келтірмеу қажеттігін айтты.

Алма ЕСЕНБАЕВА,

Мәди АЛЖАНБАЙ,

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Алматы облысы