ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ: ӘРІПТЕСІМІЗ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА "ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТ" АТАНДЫ

Уақыты: 25.12.2019
Оқылды: 1387
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі таңда экология тақырыбы күн тәртібіне шықты. Оған әлемдегі және еліміздегі қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, қорлардың қосып жатқан үлесі де көп. Осы орайда істелген жұмыстарды жалпақ жұртқа жеткізіп жүрген тілші, блогерлердің үлесі де аз емес.

Жуырда "Арал теңізі бассейнінде климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жеңілдету жөніндегі бағдарлама" (CAMP4ASB) жобасын жүзеге асыру шеңберінде Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының (ОАӨЭО), Қазақстан мен Өзбекстандағы Фридрих Эберт атындағы қордың және Қазақстан-неміс университетінің қолдауымен "Қазақстан көміртегісіз болашақ жолында"  атты республикалық эссе және журналистік жұмыстар байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға осы жылдың 1 қыркүйек - 20 желтоқсан аралығында жарияланған тұрмыста, шағын кәсіпорындардың жұмысында және үй шаруашылығы жағдайында жаңартылатын энергияны пайдалану, өндірісте энергия үнемдеу, ауыл және мал шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайту, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, тағы да басқа тақырыптарды көтерген журналистік жұмыстар қабылданды. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен 60-тан аса материал түскен.

Сарапшылардың және әділқазылардың бағасы бойынша аталмыш байқауға қатысушы, әріптесіміз Қажет Андас http://7-su.kz және https://ognialatau.kz сайттарында жарияланған мақалалары бойынша республикадағы экологиялық тақырыпты көтерген үздік журналист болып танылды. Алматы қаласындағы Қазақстан-неміс университетінде өткен марапаттау шарасында әріптесіміз арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар алып, мәртебесі өсіп қайтты. Дәл осындай марапат республикада жеті тілшіге табысталды.

Бұл - біздің "Жетісу" газетінің жетістігі. Алдағы уақытта да оқырмандар қызыға оқитын ел мен жер келешегі үшін кемел ой түйген материалдар газет пен сайт парақшасынан түспейтін болады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы облысы