"ҒАЖАП МЕРЕКЕ": ОБЛЫС ӘКІМІ БАЛАЛАРДЫ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1566
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өткен жылға өкпе артпайтын текті елдің «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа», – деп болашаққа үмітпен қарайтыны бар. Осы бір тәтті үміттің жетегіне бүлдіршіндер ергіш келеді. Ақ күмістей қылаулап, ұлпа қар жауғанда қос езуі кемпірқосақтай керіліп, жүзіне күлкі үйірілер балдәурен шақтың кейіперлері, әсіресе, Жаңа жылды асыға күтеді. Сол бір нұрлы шақ Талдықорған шаһарына да келіп жетті. Облыс орталығында орналасқан «Жастар» спорт сарайында аймағымыздың үлгілі балалары жаңажылдық Президент шыршасына жиылып, мерекені облыс әкімімен бірге өткерді.

Әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегі кейіпкерлерін қошеметпен қарсы алды. Әртүрлі кейіпкердің рөлін сомдаған бүлдіршіндердің қуанышы жүзінен көрініс беріп, Президент шыршасына қатысуға мүмкіндік алғандарына риза екендіктерін әдемі би, көркем қылықтарымен ұғындырғандай.

Әртүрлі затпен әшекейленген ғажайып сахнада әуелі мемлекеттік «Алтынай» халық-би ансамбілі, «Талдықорған әуендері» ансамбілі мен Қапшағай қаласының балалар шығармашылық орталығы өнерпаздары өнер көрсетсе, облыс әкімін №42 балабақша балапандары қарсы алды.

Күмбір күй, сыйқырлы саз ойнап, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын әсем ән әуелеген салтанатты шарада алғашқы болып облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алды.

– Құрметті Жетісудың өнерлі ұл-қыздары! Бүгін барлық қала мен облыс орталықтарында Қазақстан Республикасы Президентінің шыршасы өтуде. Осыған орай облысымыздың әр елді мекенінен өздеріңдей үлгілі, дарынды, озат оқушылар келіп отыр. Жаңа жыл мерекесімен сендерді және өздеріңдей барша жетісулық балаларды шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – барша баланың асыға күтетін, армандайтын, ең көңілді, ең ғажап мерекесі, – дей келе, Мемлекет басшысының өскелең ұрпаққа көп көңіл бөліп, олардың болашағы үшін жасап жатқан кемел істерін атап өтті. Жарқын өмірге сәт сайын қадам басып, дамыған елдің келешегін кемел ететін ұрпақтың бүгінгі таңда барлық жағдайы жасалғандығын айтты. Спорт пен білім, ғылым, өнер жолында табысқа жетулеріне де жан-жақты қолдау көрсетілгенін тілге тиек етті. ҚР Президенті атынан қос бүлдіршінге сыйлық табыстап, осындай сыйлықты шыршаға қатысқан барлық бала  алатынын жеткізді.

Өз кезегінде балалар атынан сөз алған қос бүлдіршін, балдай тәтті тілектерін төгіп, Талдықорғанды тотыдай түрлендіріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық табысын еселеген әкімге періште пейілдерін жеткізді.

Бұдан кейін балдырғандар Аяз ата мен Ақшақарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкерлері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Оған қоса түрлі елдің Аяз аталары келіп, өз өнерлерін көрсетіп, үлгілі балалармен ойын ойнап, салтанатты мерекенің көрігін қыздырса, өңір өнерпаздары әсем кештің әсерін одан әрі тереңдете түскендей болды. Содан соң өңірдегі Президент шыршасына қатысуға мүмкіндік алған 200 бала бір-бірінің қолын ұстап, шыршаны айналып ән салып, аймақ әкімін ортаға алып, шадыман күйге бөленді.

Шамдары самаладай жарқыраған шырша мерекесінен кейін бүлдіршіндер тәтті дастарқанға бет алды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы