"МАЛДЫҢ ТАМЫРЫН ҰСТАЙМЫН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЫЛСЫМ КҮШКЕ ИЕ ЕМШІ ТҰРАДЫ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 2283
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Малдың басын өріске қарай бұрмақ болып, қораға қарай бет алдым. Әншейінде мүйізі қайқайып, жан-жағына жалақтап, маңайына келген тайынша-торпақты мүйізімен бір іліп, маза бермейтін қасқа сиыр бүгін мал қораның бұрышында тұр. Көрші-қолаңның: «Осы сендердің қасқа сиырларың сумақай», – деп жиі айқайлайтынын естігенбіз. Сиыр қораның есігін қисайған мүйізімен лақтырып тастап, жемге түседі де кетеді. Түнеу күні көрші апаның: «Қарасан келгір, жалмауыз, шөп қораның қашасын бұзып кіріпті», – деп сабалап жүргенін көргенбіз. Ал бүгін ол әдеті қалып қалған, барлығынан жуас, тіпті, өріске қарай бетін де бұрмайды.

Бұл сиырға не болды деп қасына жақындадым. Аузынан ақ көбік көпіріп, ырсылдап тұрғандай. Дереу шешеме жеттім. Қасқа сиыр өлейін деп тұр дедім. Анау-мынау сырқатты шешем өзі емдеп жазып алатын. Мал емдейтін нағашыма да бармай, шешем өзі келді. «Ә, балам, қасқа сиырың ауырып тұр екен. Тезірек қара қайрақты әкел. Мына жерге отын жиып, отты лаулат», – деді.

Айтқанын бұлжытпай орындап, отты лаулаттым. Қызыл жалынға қара тасқайрақты қыздырып, бауырында шодырайып тұрған түйінге қыздырып басып, қасқа сиырды емдеуге кірісті. Қойшы, әйтеуір, екі күн қайрақ басып жүріп, қасқа сиырды емдеп алды. Жазылып, қалпына келген қасқа сиыр, бұрынғы әдетіне салып, көрші-қолаңның қорасын бұзып кіруін қайта бастады. Біз жазылғанына риза болдық.

Сол кезде шешемнің емдегені «өт» деген ауру екен. Бауырындағы түйіліп қалған тамырды ыстық арқылы жазып жібереді екен. Бұл – ауыл адамдарының өз емі. Кейін қит етсе, мал дәрігеріне жүгіріп, соның көмегіне жүгінетін болдық. Олардың айтқаны заң. Өкілін салады, оңалса, мал боп кетеді, оңалмаса, сойып алыңдар деген соңғы сөзін айтады.

Ал менің бүгінгі айтпағым – осы төңіректегі әңгімеге қатысты. Баяғының адамдары секілді мал емдейтін азамат жайлы болмақ. Қазіргі дамыған заманда  білімі мен біліктілігі бар мал дәргерлерінің шамасы жетпейтін сырқатты Сындар Кәлімхан деген азамат емдеп жүр.

Қытай жерінде 1973 жылы дүниеге келген азамат жас күнінен мал шаруасына ыңғай тартып, кәсібін дөңгелентіп жүреді. Кейін атажұртқа оралғасын да мал шаруашылығымен айналысады. Қытайда жүріп, әкеден көп дүниені үйренеді. Әкенің ақылымен малға қатыстының барлығын санасына тоқып, өмірде өз пайдасына асырады. Тек санаға тоқып қана қоймай, білім-біліктілікті жетілдіру мақсатында мал дәрігерлік оқуды да игереді. Өз пайдасына жаратып, жеңіл-желпі сырқатты емдеп, жазып алатын кезі көп. Уақыт өте келе, мұндай кәсіппен тыңғылықты айналысады. Ең қызығы, Сындар мал емдеуді тамыр ұстау арқылы жүргізеді.

Бірде Қытайдың Толы ауданында жүргенде үйдегі ірі қарасы ауырып, соны өз тылсымы арқылы емдеп көрмекке кіріседі. Сиырдың мойынындағы тамырды ұстап, бауырында сырқаттың бар екенін анықтайды. Оған арнайы дәрі-дәрмегін салып, жазып алады. Сол сәттен тамыр ұстауға түбегейлі кіріседі. Ол өзінің бойында бір тылсым қасиеттің бар екенін сезеді. Бірақ оны ешкімге айтып бере алмайтыны белгілі. Біреуден үйрену, тілмен жеткізуде де мүмкін емес. Ол – бойындағы адам сезе бермейтін қасиет. Осы қасиеттерін одан ары дамытады. Бұл қандай қасиет сонда? Біздің сұрағымызға ол:

- Мен адамның емес, малдың тамырын ұстаймын. Сол арқылы малдың кеселін айырамын. Мәселен, жылқы, ірі қара, қойды емдеген кезде тамыр арқылы күрделі ауруларды анықтаймын. Оны тамыр соғысы арқылы білемін. Мысалы, малдың мойынындағы сол жақ тамырынан бүйрек, іш құрылысының ауруларын анықтаймын. Оң жағынан жүрек, өкпе және бауырдағы кеселді білемін. Көп адамға бұл қызық болып көрінеді. Десе де, малдың оңалмай қалған кезі болған жоқ. Тек уақытында тексерген абзал. Қазір көп адам малын емдетуге алып кетеді. Мал дәрігерлерінің сойып ал деген малдарын жазып шығардым. Мысалы, Асхат деген азаматтың жылқысын емдедім. Ол жігіт те біреуден естіп, маған келді. «Бір-екі рет бәйгеге қосылған атым бар еді. Сол ауырып қалды, мал дәрігерлері емдеген болатын, кеселі қайтпай тұр», - деді. Маған келіп тұрып, бет-жүзінен сенімсіздік байқалады. Ақыры, бәйгесін көрдік. Мойынындағы тамырын ұстап, кеселін анықтап бердім. Алғашында дәрігерлер дұрыс ем қолданбаған екен. Желіндегі бездің ісуі деп кеселін асқындырып алған. Мен оның іріңін қайтарып, жазып шықтым. Алғашында тамыр ұстап тұрғанда Асхат таңырқап тұрды. Таңдана тұрып, ішінен күлкісі де келгенін байқап қалдым. Соңында малы жазылып кеткесін сенетін болды, - деп жауап берді.

Расымен де, адам айтса нанғысыз. Адам баласының тамырын ұстау дегенді естідік те, көрдік те. Ал тілі жоқ мақұлықтың тамырын ұстап, сырқатынан айықтырып жіберіпті деген адамға бір сиқыр іспеттес.

Сындардың айтуынша, аусыл, шешек ауруларын да емдеп жазған. Сонымен қатар, бәйге аттарының сіңірі созылып кетеді. Осы созылған сіңірді қалпына келтіреді. Әрине, үзіліп кеткенді қайта жалғау қиын. Орнына келмейді дейді. Тек жаңа үзіле салған кезде төрт сағаттың ішінде ота жасап, қалпына келтіруге болады. Төрт сағаттан кейін ет өліп кетеді. Одан кейін жазылып кетуі оңай емес көрінеді. Мұнымен қоса,  Сындар кіші оталарды да жасай береді.

Қалай десе де, тамыр ұстап, мал мен мал иесінің разылығын алып жүрген Сындар Кәлімханның ісі айтуға тұрарлық. Бір тылсым дүние. Алғашында біз де бұл қалай дегенбіз. Әңгімесін естіп, шынайы жұмысына қанық болып, біз де иланып қалдық.

Бұл – біздің қанымыздағы бар дүние. Біз естімегенмен біздің алдымыздағы аталарымыздың көзі көрген. Қазақ даласында арнайы білімі бар дәрігер келгенге дейін төрт түлігін қалай емдеді?! Жоқ, ол кезде жануар ауырмады ма? Олай ойласақ біз қателесеміз. Біздің бабаларымыздың бойында барлық қасиет бар және соны адам игілігіне жарата білген. Біз осы құндылықтарымыздан айырылып қалдық. Қазір арамызда бар десе, біз оған сенімсіздік танытамыз. Ұлттық құндылықтарымыздан өзіміз қашамыз. Ескінің сарқыты, алаяқтық болып көрінетін секілді. Асылы, расқа айналған кезде сенбеске лажың жоқ. Ел арасында түрлі тылсым күш иелері бар. Біз осыны жарыққа шығара алмай жүрміз. Рухани жаңғыру дегеніміз де осы екені даусыз.

ТҮЙІН: Бұл жолы біз Сындар есімді азаматтың тылсым күш иесі екенін айттық. Ел арасында одан да басқа мықтыларымыз жүргені анық. Бірақ біз оған көңіл аудара бермейміз. Біз осы арқылы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеуді көздедік. Тамыр ұстау – қазақтың бір қыры ғана. Ал біздің бойымызда жүздеген қасиеттің бар екенін өзіміз сезе білмейміз. Біле тұра, оны дәріптей алмай жатырмыз. Ең бірінші, қазақтың осындай асыл қасиеттерін әлемге емес, өзімізге танытып алсақ, ол біздің үлкен жемісіміз болар еді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы