ПРЕЗИДЕНТ: "ҰШАҚ АПАТЫНА КІНӘЛІЛЕР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ"

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 1096
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан "Bek Air" компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда тоғыз адам қаза тапқаны анықталып отыр. Жараланғандар - 9 адам. Оның алтауы - бала. Әуежай өкілдерінің хабарлауынша, "Bek Air" компаниясының ұшағы сағат 7:22-де биіктіктігін жоғалтып, бетон қоршауға және екіқабатты үй нысанына соғылған. Оқиға орнында өрт шыққан жоқ. Құтқару жұмыстары басталып кетті. Ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Әуе апатының себептерін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Бортта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.

Қазіргі уақытта апат болған аймаққа арнайы комиссия құрылып, Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шықты. Комиссияны ҚР Үкіметі жасақтады. Оның құрамында бірнеше министрлік өкілі бар. Сондай-ақ, оқиға орнына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та аттанды. Бұдан бөлек, Жедел қызмет қызмет ету штабы құрылып, шұғыл желі жұмыс істеп тұр. Әуе апатына қатысты 8(7172)533284, 8(7282)220213,220218, 8(7172)245212,245171,245147 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

Талғар ауданындағы әуе апатына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үн қатып, "Твиттер" парақшасына жазды. "Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады", - деді Президент.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"