131 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ: ӘКІМНІҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН ҚАРЫЗДАР КЕШІРІЛДІ

Уақыты: 03.01.2020
Оқылды: 919
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қала тұрғындарының өтініші мен Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша құбырдағы қалдық су қызметіне төленуі тиіс қаржы кешірілді.

Бұл туралы "Қазақпарат" «Алматы су» мекемесінің өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады. «2009-2015 жылдары Алматы қаласында жеке тұрғын үйлерде тұрып жатқан және орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғындарға сол уақытта күшінде болған заңнама талаптары бойынша су бөлу қызметі бойынша қосымша төлем енгізілген болатын. 2015 жылдың мамыр айынан бастап аталмыш заңнамаға өзгерістердің енгізілуіне байланысты кәріз үшін қосымша қаржы енгізілмеген», - деді ұйым өкілдері. Сонымен қатар, бұған дейін белгіленген төлемдер ай сайын квитанцияда көрсетіліп келген еді. Тізімнен шығарылған қаржы құны 131 миллион теңгені құрады.

Қазіргі таңда «Алматы су» мекемесі кәріз жүйесі үшін қарыздарды алып тастау үшін тиісті түзеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл түзету 2020 жылы таратылатын квитанцияларда көрсетілетін болады.

Данияр ДӘУІТӘЛИЕВ

Алматы қаласы