"ӘКІМ УӘДЕСІНДЕ ТҰРДЫ": ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ҚАЗАНДЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 07.01.2020
Оқылды: 842
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар қаласы бойынша 15 блокты-модульді қазандық орнатылып, «Orkeniet Constraction» мердігер компаниясы 3319 пәтерлі 106 үйге жылыту жүйесін жүргізген еді.

Солардың тағы бірі – «Автобаза» ықшамауданындағы №1 блокты-модульді қазандықты іске қосу салтанатына аудан әкімі Жолан Омаров арнайы ат басын бұрып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

– Жоспардағы жылу жүйелері толық қосылып бітті. 2018 жылы ықшамаудандарды абаттандыруға 279 млн.теңге қаржы бөлінді. Жалпы, аудан бойынша 64 ауланы абаттандыру жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Оған 250 млн.теңге бөлінген. Жыл аяғына дейін 6 аула абаттандырылады. Бұл аулаларда балалардың шағын ойын алаңы, тынығу орны, спорттық алаң жасалатын болады, – деген аудан әкімі жұмыстың мұнымен тоқтап қалмай, биыл 19 үйді орталықтанырылған жылу жүйесіне қосатынын жеткізді. Оның құжаттамасына 17 млн.теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін толықтай аяқталатынын айтты.

"Көп жыл бойы жылусыз, жарықсыз қалған көпқабатты тұрғын үйлердің осындай орталықтандырылған газ құбырына қосылуы талғарлықтарды қатты қуантуда. Облыс әкімі 2018 жылы барлық үй қосылады деп уәде еткен еді. Уәдесінде тұрды, сол үшін алғысымызды білдіреміз", – деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалимолда Байболов.

Мұндай жүрекжарды лебізді көпқбатты тұрғын үйдің тұрғындары да жаудырды. Бұрынғыдай бес қабатқа отын-көмір тасып, от жағу машақатынан құтылған қала тұрғындарының жүзінен ризашылықтың лебі білінеді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды