СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 08.01.2020
Оқылды: 1033
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков жұмыс сапарымен Қарасай ауданына келіп, прокуратура қызметкерлерімен кездесті. Ол, сонымен қатар, аудандағы бірқатар нысанның жұмысымен танысты.

Заңгер мамандығын меңгеріп, осы салада біраз жыл қызмет жасаған Владимир Васильевич прокуратураның мәжіліс залында аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен аудан прокуроры Ғалымжан Сәрсеновтің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізді.

Халық қалаулысы өз сөзінде прокуратура қызметкерлерінің жұмысы жоғары кәсіби деңгейде, ашық әрі сауатты жүргізілу керектігіне баса назар аударды. Елімізде, соның ішінде, құқық қорғау саласы мен сот жүйесінде реформалар жүргізіліп жатқан кезде бұның маңызы арта түспек. Депутат ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер мен қосымшаларға жан-жақты тоқталып өтті. Бұл өзгерістердің барлығы құқық қорғау саласының жұмысын жақсартуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға ықпал ететін болады.

Атап айтқанда, мал ұрлығы болған жағдайда екі жақтың келісімін екінші қайта жасауға тыйым салу, заңсыз қару-жарақ айналымы, зорлық-зомбылық, заңсыз аңшылық жасау, есірткі заттарын электронды ақпарат жүйесі арқылы сатуға қатысты азаматтардың жауапкершілігі арта түседі. Елімізде жаза тағайындау кезінде кейбір заңдарды ізгілендіру, ал ауыр қылмыс жасағандардың жазасын күшейту қолға алынғаны да назардан тыс қалған жоқ.

Әйтей ауылына ат басын бұрған халық қалаулысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 1200 орынға арналған үш қабатты мектеп ғимаратының құрылысымен танысты. 300 орынды мәжіліс залы мен 200 орынды асханасы, ауласында спорт алаңы қарастырылған білім шаңырағы елді мекендегі үшауысымды мектептің мәселесін түбегейлі шешетін болады. Осыдан кейін Қаскелең су жүйесінің жұмысымен танысып, аудан орталығымен бірге 23 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз етуге арналған күрделі жобаның жұмысына оң бағасын берді.

Жұмыс сапарының соңында журналистерге сұхбат берген Владимир Волков халықтың талап-тілегін біліп, қажет болған жағдайда түйінді мәселелерді шешуге жәрдем беру үшін ең алдымен ел ішінде жиі болу қажеттігіне назар аударды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы