КЕЗЕК КӨП: ДЕПУТАТТАР БІРНЕШЕ МЕКЕМЕНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 08.01.2020
Оқылды: 1381
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Парламент Мәжілісінің депутаттары Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ пен Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ Жамбыл ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, денсаулық сақтау, білім мекемелерінің жұмысымен танысты. Депутаттардың сапары кезінде аудан әкімі Бағдат ӘЛИЕВ бірге жүрді.

Алдымен аудан әкімдігінде мәслихат депутаттарымен кездескен халық қалаулылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған өзекті мәселелердің мәнін түсіндірді. Алқалы жиынға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жақсылық Қарымбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Бәкірова қатысты.

Бұдан соң Амангелді Айдарұлы мен Әбдіманап Елікбайұлы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, мекемеге келген халықпен жүздесті. Одан кейін аудандық емхананы аралап, медициналық мекеменің жұмысын саралаған қос депутат тіркеу орнының тәртібін көріп, дәрігерлермен, емделушілермен тілдесті, жаңа медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, дәрігерге қаралуға келгендер кезегінің неліктен қалың екендігін сұрап, білді.

Ауданның бас дәрігері Дамир Сұраужанов жаңа емхана құрылысының биыл басталатынын, қолданысқа берілгенде кезек мәселесімен қоса тағы біраз түйіннің тарқатыларын жеткізді.

Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдап, Айгүл Қожақова, Жазира Нүсіпбаева, Марат Бейшембаев, Бақыт Алыбаева, Эльмира Сәрсенбаева, Жанел Қажыбаева сынды тұрғындардың білім, денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері туралы сұрақтарына жауап берді.

Ұзынағаш ауылының іргесіндегі жаңа шағынауданда орналасқан Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептің ұстаздарымен кездескен депутаттар педагогтар мәртебесі туралы қабылданған заңды түсіндірді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылы заманауи үлгіде салынған кең де жарық білім ұясында жүзге жуық мұғалім еңбек етіп, мыңнан астам оқушы білім алады. Мектептің материалдық-техникалық жабдықталуының жоғары деңгейде екеніне көз жеткізген депутаттар жалақының кезең-кезеңмен өсірілуі, ұстаз беделін көтеру сияқты оң қадамдар оларға артылар жауапкершілік жүгін еселей түсетінін атап өтті. Бәсекеге қабілетті, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісі еліміздің болашағымен тығыз байланысты екенін еске салды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы