ҚАСКЕЛЕҢДЕГІ ЖАРЫЛЫС: 81 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯ МЕН БАЛА КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 1097
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданының Қаскелең қаласында болған жарылыс салдарынан екінші адам көз жұмды. Бұл туралы ақпаратты "Қазақпарат" таратты.

- Ауруханада 1939 жылғы, яғни, 81 жастағы қарт кісі көз жұмды, - деп мәлімдеді Қарасай ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қал-жағдайларын білді. Қаза болғандардың отбасына барып көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.

Қазіргі таңда зардап шеккен отбасыларға уақытша баспана ұсынылған. Баспана шығындарының барлығын әкімдік өтеп береді. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Қаскелең қаласында газды ауа қоспасы жарылып, 7 адам жарақаттанғанын, бір баланың оқиға орнында жан тапсырғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Төле би көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ең үстіңгі қабатындағы пәтерде газды ауа қоспасы жарылып, қабырғалас тұрған бірнеше пәтерге нұқсан келген. «7 адам, соның ішінде 3 бала түрлі жарақат алды. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. 2009 жылы дүниеге келген бала оқиға орнында көз жұмды. Аталған үйдің тұрғындарын өртке қарсы қызмет өкілдері қауіпсіз жерге көшіріп, Қаскелең әкімдігі уақытша тұру орнын ұйымдастырды. Жарылыс себебі анықталып жатыр», - деген еді ведомство өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы