"КҮНІНЕ 22 ЛИТР СҮТ САУЫЛАДЫ": ДЕПУТАТТАР ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 1210
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов, Марат Бопазов және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев Қаратал ауданына іссапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диолог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын насихаттады.

Жолдауда көрсетілген міндеттер мен тапсырмалардың іске асырылу барысымен таныстырған олар ең алдымен Тастөбе ауылдық округіндегі сүтті және етті бағытта асыл тұқымды мал өсіретін «Тастөбе-Агрофуд» ЖШС-да болды. Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қаланған серіктестік, құнарлы да құйқалы топыраққа жүгері егіп, Зеңгібаба түлігі есебінен табысын тасқындатып отыр. Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін мемлекет тарапынан бұл бағытта қолдау да мол.

Шыңғыс Ахметов басшылық жасайтын «Тастөбе-Агрофуд» ЖШС-інде 65 адам тұрақты жұмыс істейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылық Германиядан асыл тұқымды «Симменталь» сиырларын әкеліп, жерсіндірген болатын. Бүгінде бұзау-торпақ көбейіп, мал басы өсе бастады. Әр сиырдан күніне 19-22 литр сүт сауылады. Қыс мезгілінде мал алаңсыз қыстап шығу үшін 9 қора салынған. Депутаттар серіктестік жұмысшыларымен кездесіп, малды асылдандыру ісіне оң бағасын берді.

Одан әрі депутаттар жұмыс сапарын «Үштөбе-Айдын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғастырды. Макет Ниязбеков басқаратын «Үштөбе-Айдын» ЖШС күніне отыз тоннаға жуық сүт қабылдайды. Зауыт айран, ірімшік, сүзбе, қаймақ, секілді сүт өнімдерінің оннан астам түрін шығарады. Шебер-технолог Толқын Болысбекованың айтуынша, қыс мезгілінде сүттің майлылығы арта түседі екен. Сапалы өнім шығаратын зауыттың өніміне ауданнан ғана емес, Талдықорған, Алматы қалалары мен Алматы облысының аудандарынан сұраныс жоғары. Зауытта 50 адам еңбек етуде. Халық қалаулылары сүт зауыты жұмысшыларының жағдайымен танысып, ел үшін еңбек етіп жатқан мамандарға ризашылығын білдірді.

Халық қалаулылары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан жұртшылығымен жиын өткізді. Басқосуда аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев қадірлі қонақтардың келу мақсатымен таныстырып, өңірде Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша нақты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мәжілісмендер әр азамат мемлекет қамқорлығын сезінуі тиіс екенін айтып, ел сенімін ақтауда аянбай іс атқаруға даяр екендіктерін жеткізді.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы