"ҚАШАНДА ХАЛЫҚ ЖАҒЫНДА": "ЖАС АЛАШ" ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ АУЫСТЫ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 2497
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ баспасөзінде 99 жылдық ұзын-сонар тарихы бар, мыңдаған оқырманның ыстық ықыласына бөленген әйгілі «Жас Алаш» газетінің бас редакторы ауысты. Жаңа бас редактордың есімі - саяси сахнада және журналистика әлемінде есімі көпшілікке таныс Инга Иманбай. Абыз басылымның редакциясындағы ауыс-түйіс туралы Инга Иманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына да жазды.

"Бұл газеттің қазақ баспасөзіндегі орны бөлек, қаншама белгілі, дарынды журналистердің мектебіне айналған қара шаңырақ. Менің де журналистік жолым, қызметім «Жас Алаштан» басталып, осы ұядан қанат қақтым. Менің айтатыным: «Жас Алаш» бұрыннан дәстүрі қалыптасқан, ақиқатшыл, шындықты жазатын, қашанда халық жағында болған абыройлы басылым", - деді ол газет туралы пікірімен бөлісіп.

Ол өз сөзінде газет ешкімге де сатылмағанын, басылымға «Жас Алаш» басшылары шақырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, газеттің редакциялық саясатының ұстанымдары күшейетінін, шындық та, ақиқат та айтылатынын жеткізді. Сараптамалық материалдар мен авторлар санын көбейтетінін мәлімдеді. "Жас Алаш" халықтың ортасында жүрген, барлық маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын басылым ретінде қалады, мүмкіндігінше, оны одан да биік белеске көтеруге тырысамыз", - деп жазды жаңа тағайындалған бас редактор.

Инга Иманбай «Жас Алаштың» Жанболат және басқа да азаматтар құрып жатқан Демократиялық партияға еш қатысы жоқтығын, болмайтынын да жеткізді. «Жас Алаш» қашан да халықтық, елдік басылым болды, оны бір партияның я қозғалыстың газетіне айналдыруға ешкім де жол бермейді. «Жас Алаш» барлық ұйымдар мен қозғалыстарға, азаматтарға тең қарайды, бірде-бір ұйымның сойылына айналмайды!" - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"