"МҰЗ ҚАТҚАН": ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР АЛМАТЫДАҒЫ ҰШАҚ АПАТЫНЫҢ СЕБЕБІН ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 10.01.2020
Оқылды: 1282
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр "BekAir" ұшағының апатқа ұшырау себебін айтты.

"Қазақпарат" таратқан мәліметке сәйкес, Орталық коммуникациялық қызмет алаңында өткен баспасөз мәслихатында Роман Скляр екі тәулік бойы тұрақта тұрып қалған әуе кемесінің үстіне мұз қатып қалуы мүмкін екенін түсіндірді.

- Болған апаттың негізгі себебі әуе кемесінің үстіне мұздың қатып қалуынан, - деді ол. Комиссия болған апаттың бірнеше нұсқасын зерттеген. Алдын ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ұшақтың суық ауа райы кезінде қолданылатын арнайы сұйықтықпен өңделмегені анықталған.

- Әуе кемесін мұздың басуына қарсы сұйықтықпен өңдеу жұмысы ішінара жүргізілген. Әуе кемесі командирінің шешімі бойынша, тек стабилизаторды өңдеу туралы шешім қабылданған. Бірінші санаттағы мұздың басуына қарсы сұйықтықпен ұшақ қанаттары да өңделуі тиіс еді, - деді Роман Скляр.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетіп, кейін апатқа ұшырағаны мәлім болды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"