"ТҰЗ, ҚҰМ СЕБІЛМЕГЕН": КӨКТАЙҒАҚ ЖОЛҒА КІМ ЖАУАПТЫ?

Уақыты: 13.01.2020
Оқылды: 1877
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қақаған қыс мезгіліндегі өзекті мәселелердің бірі – жол тазалығы. Осыған орай, облыстық әкімдіктегі «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесінде «Сапалы жол» жобасы аясында қысқы кезеңдегі автожолды тазалау жұмыстары талқыланды.

Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев сөз алды.

– Жолдарды қардан тазарту, қысқы көктайғаққа қарсы күрес, көліктің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарды көшкіндерден қорғау сынды жұмыстарды уақытылы жүргізу қажет. Өкінішке қарай, облысымыздағы республикалық маңызы бар жолдар талапқа сай емес. «Қазавтожол» ЖШС жол жөндеу жұмысы үшін шаш-етектен қаржы алып жатса да күрделі мәселенің күрмеуін шеше алмай келеді. Қарапайым халық көктайғақ жолмен жүруге мәжбүр, – деген ол мұзда көлік апаты орын алған бейнероликтерді көрсетті.

Шараға жиналған жұртшылық та наразылығын білдіріп, республикалық маңызы бар жолдарға құм, тұз себілмегендігін тілге тиек етіп, қаладан шықса, баратын жеріне ығыры шығып, әзер жететінін айтты.

Бұл жайында «Қазавтожол» ЖШС облыстық филиалы басшысының орынбасары Мақсат Мұқанов:

– Бүгінде бізге облысымыздың республикалық маңызы бар 1865 шақырым жолы қарайды. Қысқы жол тазалығына 70-тен аса техника жұмылдырылды. Күзде қысқа дайындық жұмыстарын жасап қойғанбыз. Арнайы техникалар мен автокөлік жылдамдығының белгілерін де орнаттық. Бұйырса, осы айдан бастап шарада талқыланған кемшіліктерді жоюға тырысамыз, – деді.

Жиын соңында мамандар республикалық маңызы бар жолдарды БАҚ өкілдерімен бірігіп, арнайы тексеру жүргізетіндігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды