"ШАҒЫМ КӨП": БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ 2000-НАН АСА ИТ ПЕН МЫСЫҚ ЖОЙЫЛДЫ

Уақыты: 04.02.2020
Оқылды: 2051
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай қаласы аумағының санитариялық тазалығын қамтамасыз ету, жұқпалы індет, құрт ауруларының алдын алу, қаңғыбас ит, мысықтардың адамдарды қабуды азайтуына және қаңғыбас ит, мысықтардың азаюына қол жеткізу үшін атқарылатын жұмыстар «Қапшағай қаласы ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арқылы іске асады.

Аталған жұмыс «Алматы облысында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы 31 шілдедегі №51-257 бекітілген шешімі негізінде жүргізіледі.

Иелері ғимараттардың жанында байлауда қалдырып кеткендерден басқасы, қоғамдық орындарда, көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, шағын бақтарда және басқа да орындарда серуендетуші тұлғасыз жүрген қаңғыбас иттер мен мысықтар арнайы аулауға жатқызылады.

Қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі туралы қала тұрғындарынан көптеген арыз-шағым түсуде және бұл сұрақ Қапшағай қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесулерінде жиі көтеріледі.

Аулау тобы әрбір өтініш бойынша шығып, жұмыс атқарады. Қапшағай қаласында 2019 жылы 2000-нан астам қаңғыбас ит, мысық ауланып, жойылды.

«Қапшағай қаласының ветеринария бөлімі» ММ қызметкерлерімен қаңғыбас ит, мысықтардың адамды қабуының алдын алу және олардың көбеюі туралы ғаламтордағы әлеуметтік желілер сараланып, түскен арыз-шағымдарға үнемі талдау жүргізіліп отырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Қапшағай қаласы