"БЕЙІТ ЖОҚ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 05.02.2020
Оқылды: 1221
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанды аралап көріп, жүргізілген құрылыс жұмыстарына қатысты сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеп, саяжайлардағы құрылыс жобаларының жұмысын пысықтады.

Алдымен аймақ басшысы І.Жансүгіров көшесі, №71 үй ауласындағы балалар алаңқайымен танысты. Мұнда облыс әкімі орындықтардың сапасыздығын айтып, сыртқы келбетіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Аула маңын абаттандыру жұмыстары 2019 жылдың тамыз айында аяқталып, қолданысқа берілген. «СНТ Const» ЖШС бас мердігер болған жоба құны – 18 миллион теңге.

– Тұрғындардың атынан сізге алғыс айтамыз. Аула көркейтіліп, балалар мен спорт алаңы салынғалы бері көзіміз ашылды. Балалар ойнап жүрсе, үлкен кісілер отырып, әңгіме-дүкен құрып, бір марқайып қаламыз, – дейді №71 үйдің тұрғыны Бауыржан Байсеріков.

Айта кетерлігі, былтыр  облыс орталығында 10 аула қолданысқа берілсе, биыл 38 алаңның құрылысы аяқталады. Аула алдында көліктердің өтуіне тосқауыл ретінде қойылған бетон бөлшегін байқап қалған Амандық Ғаббасұлы:

– "Жедел жәрдем", өрт сөндіру қызметкерлері келгенде мына нәрсе өте қолайсыз. Одан бөлек, біз сейсмикалық аймақта өмір сүреміз. Оқыс оқиға орын алса, ешкім де айналып өте алмайды. Үйдің кіреберісіндегі орындықтар жоба бойынша салынды ма? Мұндайды кім жасайды? Бұл жобалаушылардың ісі ме? Дұрысын таңдау керек қой. Ендігі ретте мұндай орындықтар қоймаңдар. Орындықтың шынтақ сүйейтін тұсы, отыратын орны да ыңғайсыз, – деп қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа қайта қарап, реттеуді тапсырды.

Әкім Красина көшесі №23 үйдің абаттандырылуымен танысты. Мұнда облыс басшысы жаттығуға арналған құрылғылардың сапасын қадағалау қажеттігін алға тартты. Тұрғындар өз  тарапынан кешкі уақытта жағымсыз иіс шығатындығына шағымданды. Шаһар басшысы Ғ.Әбдірайымов бұл мәселеден хабардар екенін айтып, экологтарға хат жолданғанын жеткізді.

Қала шетіндегі Үйтас саяжайында бүгінде 4205 адам тұрады. Қазынадан 2 млрд.теңге қаражат ауызсу жүйесін салуға бөлінген. Бүгінгі күні 603 млн.теңгесі игерілді. Ұзындығы 43,4 шақырым болатын су жүйесінің қалған 16 шақырымы ағымдағы жылы аяқталады. Бұл туралы:

 Үйтас аумағы тамыз айында таза ауызсумен толық қамтылады. Барлық үй ауызсу жүйесіне қосылады. Жол да қалпына келтіріледі, – деген Амандық Ғаббасұлы тұрғындардың сауалдары мен өтініштерін тыңдады.

Тұрғындар тарапынан егін суғаратын су мәселесіне қатысты сауал қойылды. Оған басшылық тарапынан: «Оны да реттейміз. Уайымдамаңыздар. Бастамасы бар. Тек Үйтаста ғана емес, барлық елдімекендерде таза су мәселесі шешіледі», – деген жауап алынды. Сонымен қатар, аймақ басшысының айтуынша, балаларды мектепке таситын арнайы автобус сатып алынады.

Бүгінде Үйтаста ұрлық мәселесі өршіп тұр. Қарабұлақ маңынан жер жалдап, мал бордақылап отырған азаматтың 3 бірдей жылқысына ұры түскен. Қарабұлақтың полиция қызметкерлеріне 2 рет шағымданғанымен, әлі күнге дейін жауап ала алмай келеді. Одан бөлек, тұрғындардың бірінің ұрлыққа қатысты арызы 2 жыл, 3 ай бойы қанағаттандырылмай келеді. Осы сынды сұрақтарды мұқият тыңдаған А.Ғаббасұлы бұл мәселелерді шешуді облыстық полиция департаментіне жүктеді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Осыны ұстанған Үйтас саяжайының тұрғындары өз қаражаттарына мешіт салған. Ендігі кезекте Алла үйінің құжаттары реттелмеген, сол себепті қолдана да алмай отыр. Шаһар басшысы Ғ.Райылұлының мәлімдеуінше, бұл мәселе мораторийге байланысты сот арқылы ғана шешіледі.

Саяжай тұрғындарының бірі І топтағы мүгедек баласына күтуші қажет екенін айтты. Жасы да келгендіктен жалғыз өзі қарай алмай отырғанын жеткізген ол үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқанын сөз етті. Тізімде 171-ші болып тұр. А.Ғаббасұлы қала басшылығына мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесудің амалын қарастырып, қол ұшын созуды тапсырды.

Тағы бір айта кетерлігі – саяжайда бейіт жоқ. Тұрғындар Қарабұлаққа барып, жерлеу рәсімдерін жасайтындығына наразылығын айтып, осы сұрақтың шешімі тез арада табылса деген ниетін білдірді. Соңынан мектепке баратын бала санының көптігіне байланысты білім ошағын жобалау жұмыстарын бастау керектігі айтылды.

Бұдан әрі қарай аймақ басшысы Ынтымақ тұрғын үй алабындағы жол құрылысымен танысты. Қазіргі таңда 879 адам тұратын бұл жерде 42,9 шақырым электр желісі тартылған. Көшеге қиыршық тас төсеуге 200 млн.теңге қаражат бөлінген. Жол құрылысы 18 көшеде аяқталып, 12-сі биылғы жылдың жоспарында. Күн жылынысымен жөндеу жұмыстары жанданады. Одан бөлек, ауызсу жүйесі шешімін тапса, екінші жартыжылдықта табиғи газ тартылмақ. Барлық жобалармен танысқан тұрғындар өз ризашылығын білдірді.

Сапардың соңғы нүктесі «Жастар-2» ықшамауданында қойылды. Бұл аймақта әкім көше құрылысы мен ауызсу жүйесін тарту жұмыстарының барысымен танысты. Жалпы 11 көшеге қиыршық тас төселініп, 16,2 шақырым ауызсу желісі тартылған. Десе де, ай сайын мұнда жол көлік апаты орын алады.

Тұрғын аудан болғандықтан, жол-көлік апаты жиі орын алады. Балаларымыз Еңбек ауылына мектепке барады. Ертеңгісін қараңғы, ештеңе көрінбейді. Осы уақытқа дейін соңы өліммен аяқталған қаншама жол-көлік оқиғасы орын алды?! Автобусқа арналған 1 ғана аялдама бар. Ертеңгісін, кешкісін дала салқын. Балалар жолдың қарсы бетіндегі аялдамаға жүгіріп өтеді. Жаяу жүргіншіге арналған, жылдамдықты азайтыңыз, «Абайлаңыз, балалар» деген сынды бірде-бір белгі жоқ. Не болмаса бейнекамера да жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек, – деген "Жастар-2" тұрғыны Азамат Әзікенов балаларға алаңдайтындығын жеткізді.

Сапар соңында Амандық Баталов жоспарланған жұмыстардың сапасын бақылауды жауапты тұлғаларға жүктеп, басқарма жетекшілері мен қала әкімдігіне алда атқаратын бірқатар нақты шараларды айқындап берді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы