"ТАЗАМЫН": БАҒДАТ МАНЗОРОВ ӨЗ ЕРКІМЕН ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Уақыты: 10.02.2020
Оқылды: 1242
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров өз еркімен жұмысынан кетті. Облыс әкімі Амандық Баталов орынбасарын аппарат жиынында жылы пікірмен шығарып салған. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Амандық Баталов Бағдат Манзоровтың жұмыс істеген уақытында өз ісінің кәсіби шебері екенін дәлелдеп, тәжірбиелі жетекші екенін көрсете білгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Арыс қаласын қалпына келтіруге күш салып, өңірді газдандыруда, тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге қосқан елеулі еңбегін ескеріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде экс-орынбасар біраз іс атқарылғанын айтып, әріптестеріне алғыс білдірді. Алғашқы іссапарын облыс басшысымен Арыс қаласынан бастап, шаһарды қалпына келтіруде жауапты жүктемелерді сәтті орындап шыққанын жеткізді.

Танымал шенеунік "Azattyq Rýhy" сайтына берген сұхбатында: «Мен бүгін арыз жазамын. Қазір сағат 10-да. Әлгі жағдайдан кейін төрт ай жұмыс жасадым. Өзімді-өзім көрсеттім. Прокуратураның қаулысы бар, тазамын. Мұндай шешімді өзім қабылдадым. Осы қызметтен кеткім келеді, өзім үшін өмір сүргім келеді. Әзірге бір-екі ай демаламын, арғы жағын уақыт көрсетеді. Содан кейін айтатыным, маған ешкім жұмыстан кет деп жатқан жоқ, мен мансапқұмар емеспін. Бұл жұмысқа жабысып тұрған жоқпын, өзім шешім қабылдадым, соны дұрыс түсініңіздер. Бұл жұмысқа мен бір пайда табу үшін немесе жемқорлықпен айналысу үшін келген жоқпын. Бұл жерге жұмыс істеу үшін келген едім. Кейбір адамдарға керек болса, бұл жұмысты өткізіп беремін. Өзімнің айналысатын басқа істерім бар», - деп айтқан.

Еске салсақ, Бағдат Манзоров 2019 жылдың шілде айында Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, кәсіпкерлік және туризм салаларына жауапты болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"