1 НАУРЫЗ - ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА АЛҒЫС АЙТЫЛЫП, ШҮКІР ЕТЕТІН КҮН

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 1098
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көктемнің алғашқы күніндегі шуаққа малынып, адамдардың көңіліне қуаныш сыйлаған Алғыс айту күні Достық үйіндегі «Бірлігіміз жарасқан» атты форум аясында да мерекеленді.

– Алғыс айту күні – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік және жанашырлық секілді асыл қасиеттерін күллі әлемге паш ететін күн. Бұл күні саяси қуғын-сүргін жылдарында жер аударылып, сағым қуған сайын далаға жеткен көптеген халықтардың көрген азабын жеңілдетуге, тартқан қорлығын сейілтуге үлес қосқан қазақ халқына алғыс айтылып, бүгінде тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан 130-дан астам этнос өкілінің кең-байтақ еліміздегі бейбітшілік пен тыныштыққа шүкір етуі жақсы сөзбен дәріптеледі, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай.

Жиын барысында еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мәдениет саласының, БАҚ қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Көпшіліктің атынан сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін салтанатты шараға қатысушыларды құттықтап, тәуелсіз қазақ топырағында берекесі мен бірлігі жараса өмір сүріп жатқан халықтардың ауызбіршілігінің баянды болуын тіледі.

– «Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған». Бұл сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты ғажайып кітабында айтқан. Мұндағы интегратор көшбасшы, негізін құраушы, алтын арқау деген мағынаға саяды. Демек, бабаларымыз сол кездің өзінде Еуразияның көшін бастаған данышпан болған еді. Егер Түркия мемлекетіне барсаңыз ағайындар «Атажұрттан келген бауырларымыз» деп құшақ жая қарсы алады. Бұл біздің ұлы халық екенімізді көрсетеді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер: «Қазақстан – бүкіл әлемдегі өркениеттің алтын бесігі», – деген анықтама берген. Ендеше, Ұлы Дала елін алтын бесікке теңеуінің өзі біз үшін үлкен құрмет, қошемет. Сондықтан елін, жерін, Отанын, қазағын бар жүрегімен жақсы көретін патриот ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, – деген қаламгер қазіргі қазақ тілінің арғы асыл арнасы мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылғанын айтып, ана тіліміздің мерейін үстем ету бәріміздің азаматтық борышымыз екенін жеткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Аделя Қоржынбаева мерекенің ауқымы мен көлемі кеңейіп келе жатқанын айтты. «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, облыстық орыс этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, «DOS.KZ» еріктілер орталығының жетекшісі Лариса Котельникованы, облыстық славян қозғалысының төрайымы Наталья Беликті»Nur Otan» партиясының Алғыс хатымен марапаттады.

Жиын соңы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды