"ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТІҢІЗДЕР": ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ӨЗЕКТІ ТӨРТ МӘСЕЛЕНІ ҚАРАДЫ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 927
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуды Алматы облысы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Батыржан Байжұманов жүргізді. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыс аумағында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстың 2053,7 мың тұрғынының 57,6 пайызы жарна төлеуден босатылған. Медициналық ұйымдарда МӘМС жарналарын төлеуге арналған 52 терминал орнатылып, 100 пайыз компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде. Сәуірдің 1-не дейін уақыт бар. Барлық тұрғынға МӘМС жайлы толық ақпарат беру керек. Жарналардың қалай төленуі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Бұл жұмысқа селқос қарауға болмайды. Міндет – халыққа тегін медициналық көмек беру. Бірде-бір адам қорға енгізілмей қалып қалмасын. Жұмысты күшейтіңіздер, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Облыс әкімінің орынбасары жарна төлеуге арналған терминалдар орнатылмаған аудандарды сұрады. Өмірзақ Әбілсейітұлы апта соңына дейін Кеген, Райымбек аудандарындағы медициналық ұйымдарға терминал орнатылатынын айтты. Облыс әкімінің орынбасары атқарылған жұмыс қорытындылары бойынша апта соңында қайта есеп беруді тапсырды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Руслан Ахметжанов МӘМС әлеуметтік салықтар, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек пен берешекті азайту шаралары туралы айтты. Ал, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар арасында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуының алдын алу жөніндегі жұмыстарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат  Чарапиев баяндады. Оның айтуынша, желтоқсан-қаңтар (2019-2020) айларында облыс бойынша 7 мың 113 адам шегараны кесіп өткен. 6 мың 970 адам қоңырау шалған. Олардың денсаулығына қатысты ешқандай шағым түспеген.

– Медицина қызметкерлері елге қайтарылған азаматтарды толықтай тексеруден өткізді. Мемлекеттік кірістер департаменті берген мәліметке сүйенер болсақ, аймаққа кіргендер саны 1332, кеткен адамдар саны - 1036. Көші-қон қызметі берген ақпаратта 29 қаңтардан бастап ҚХР-дан келген 142 адамға тізім ұсынылғандығы көрсетілген. Олардың 54-і медициналық бақылауда. 88-і 14 күндік инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты медициналық ұйымнан шығарылды, – деді Асхат Сәкенұлы.

Батыржан Құлаймергенұлы вирусқа қарсы барлық жұмысты күшейтіп, жіті қадағалау қажеттігін жеткізді.

Төртінші мәселеге қатысты еңбек инспекциясы басқарма басшысының орынбасары Әділбек Далбағаев облыстағы үш кәсіпорын барлығы 440 қызметкерге 123 миллион теңге берешек екенін айтты. Қапшағай қаласындағы «Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы» ЖШС, Іле ауданындағы «Еңбек Жауғашты» республикалық мемлекеттік мекемесі, Ақсу ауданындағы «Жетісу гранит» ЖШС берешектер тізіміне енгізілген. Аталған кәсіпорындарға мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс тексеру жүргізіп, басшылыққа құқықбұзушылық жөнінде мерзімі көрсетілген нұсқамалар жіберілген.

Жиында облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Отырыс соңында үшжақты комиссияның төрағасы Батыржан Байжұманов әлеуметтік серіктестік тараптарына облыста Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, МӘМС бойынша берешек азайту, әлеуметтік салықтар, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды қабылдау туралы нақты тапсырма беріп, кеткен кемшіліктерді бірлесе жұмыс істеу арқылы жоюды тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды