"ТАҢ ҚАЛДЫРУДЫ ҰНАТАМЫН": АРЫСТАН БЕЙНЕСІНДЕГІ ЖІГІТ ҚАЛАНЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 29.02.2020
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршаған жұртшылықты белгісіз жан бір серпілтті. Талдықорған қаласының орталығында «Мадагаскар» мультфильмінің бас кейіпкері Алекстің кейіпіне енген бейтаныс жан тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Өзге үшін бейтаныс кейіпте қалған жанның аты-жөні - Тайыр Тойғұлов. Ол орталық пен оған жақын көшелерде арнайы Алекстің киімін киіп, билеп, елдің назарын өзіне аударды.  Осылайша ол, жаны мен тәні жауыраған жандарға аз да болса жылулық сыйлай алды.

Талды қала тұрғындары мұндай мульттоптама кейіпкерлерін күнделікті көрмегендіктен таңданыстарын жасыра алмады. Креативті идеяны жүзеге асырушы азамат адамдарды бір сәтке отбасылық, тұрмыстық мәселелердің құрсауынан алып шыққым келді дейді.

- Мен адамдарды таң қалдыруды ұнатамын. Бұрын-соңды болмаған, тың нәрселер жасағанды жаным сүйеді. Менің бұл мульт кейіпкеріне енуімнің себебі, соңғы уақытта адамдардың көңілсіз, шаршаңқы жүргендерін байқадым. Сол себепті де осы кейіпкерге еніп, адамдарға жылулық сыйлай білдім деп ойлаймын, - дейді Тайыр Тойғұлов.

Мультфильмдегі Алексты көрген тұрғындар оны жақсы қарсы алып, құшақ жайып, суретке түсіп жатты. Қала тұрғындары әсем көктемнің әсерін сезініп, жаңа шабыт алғандай болды. Жас балалар Алекс кейіпіндегі Тайыр мызаны көріп, би билеп, суретке түсіп, жүздері жадырап тарқасты.

Айта кетсек, Алекс, яғни, Тайыр Тойғұлов 8-наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай талдықорғандықтарға тағы да бір тосынсый жасаймын деп уәде берді.

Гүлжанат НҰРАСЫЛ

Алматы облысы