"АЙЛЫҒЫМДЫ БЕРЕМ": ӘКІМ ІШІМДІКПЕН КҮРЕСЕМ ДЕУШІЛЕРДІ ЫНТАЛАНДЫРДЫ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 994
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласының әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ "Жетісу медиа" алаңында журналистермен брифинг өткізді.

Әлеуметтік желіден көріп отырғанымыздай, Б.Әлтайұлы халыққа жақын әкім. Ол қалада жаяу жүреді. Елдің тыныс-тіршілігін күнде көреді. Көшенің тыныштығы, ауланың тазалығы, жаяу жүргіншілердің жолы, тағысын тағыларға күн сайын куә. Кейбір басшылар сияқты халықты терезе әйнегінің арғы жағынан бақыламайды. Үлкенмен де, кішімен де қол алысып, амандасып, жай сұрасады. Қала халқы да айтарларын еш кедергісіз жеткізе алады.

Шаһар әкімі Бақтияр Өнербаев қаланы 10 бағыт бойынша жандандырмақшы. Біріншісі, «Текелі – Абайды таныған қала» деп аталады. Бұл бойынша ақын өлеңдерін жатқа айтудан челлендж және ән кештері ұйымдастырылады. «Текелі – қауіпсіз қала» бағыты бойынша мектеп, балабақша, колледж, жоғары оқу орны, мекемелер және отбасыларда ата-баба дәстүрін насихаттау, мәдениеттілікті дәріптеу, құқықтық сауаттылықты арттыру шаралары жүргізіледі.

«Текелі – танымал қала» бастамасында тұлғалар насихатталады. Спортшылар, ақын-жазушылар және өнер майталмандарымен кездесулер өткізіліп, шығармашылық шыңдауға жағдай жасалады.

Текеліде спортшылардың дене шынықтырумен шұғылдануына қолдау білдіріледі. Қаладағы 7 нысанды жаяу және веложүргіншілердің жолы арқылы қосу шарасы қолға алынған. «Текелі – инвестицияға қолайлы қала» бағытында тау-кен, жер беті байлықтарын игеруді көздейді. Туризмді дамытуға тұмса табиғат өзі сұранып тұр. «Қайырымды қала» деген чат құрылып, қала халқы бір-бірінің жағдайын сол жерден оқып, біліп отырады. Біреу қиын жағдайға түсіп қалса, сол жерге жарияланады. Оған көпшілік қолынан келгенше көмек көрсетеді.

Таулы өңір еркін тыныстауға қолайлы. Сонымен қатар, скандинавша жүру спортымен шұғылданушылар қатары өсуде.

Әкім журналистермен кездесуде Текеліні арақ-шарапсыз қала ретінде танытқысы келетінін, бұл орайда заңсыз ішімдік сататындарды ұстағандарға өзінің бір айлығын беретінін айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы