АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ МЕН АППАРАТ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 1287
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Алматы облысының әкімдігінде актив жиналысы өтті. Жиынды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ ашып, аймағымызда кадрлық өзгерістер орын алып отырғанын атап өтті. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бағдат Мәнізоровтың өз еркімен қызметін босатуына орай орнына Серік Тұрдалиевтің тағайындалғанын жеткізді.

– Бағдат Сайланбайұлы облыс әкімінің орынбасары болып лайықты қызмет атқарды. Қаншама жыл шешілмеген мәселені шешіп берді. Міне, орталықтағы балалар саябағы толық жаңарудан өтіп, ел игілігіне берілді. Ал оның орнына тағайындалып отырған Серік Мелісұлы бұдан бұрын да осы қызметте болған. Соңғы үш жылда бизнеске кетуіне орай мемлекеттік қызмет атқармады. Дегенмен, ол облысымыздан алшақтаған жоқ. Менің штаттан тыс кеңесшім болды. Кезінде оның басшылығымен жасалған бизнес жобалар облысымызда әлі де жүзеге асуда, – деді Амандық Баталов.

Облыс әкімі аппаратының басшысы болып Төлеген Сәрсембаев тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарған. Ал осы уақытқа дейін облыс әкімі аппаратының басшысы болған Темірлан Бектасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Өз кезегінде сөз алған Серік Мелісұлы мен Төлеген Қапсалықұлы сенім артып, жаңа қызметке тағайындаған облыс әкіміне алғысын айтып, өздеріне жүктелген міндетті бар қажыр-қайратын салып, абыроймен атқаратындықтарын жеткізді.

Аға буын атынан сөз сөйлеген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт облыс экономикасының көтерілуі басшылықта отырған азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасы екенін еске салды. Жаңа қызметке тағайындалған жігерлі басшы Серік Мелісұлының әлі талай биікті бағындырарына сенім білдіріп, Павлодар, Түркістан, Жамбыл облыстарында қызмет жасаған Төлеген Қапсалықұлының мол тәжірибесін алға тартты.

Облыс әкімі Амандық Баталов та жаңа лауазым иелеріне үлкен сенім артатынын жеткізіп, жемісті қызмет тіледі.

Айта кетейік, жаңадан тағайындалған Серік Мелісұлы ТҰРДАЛИЕВ 1969 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы халық шаруашылығы академиясын ауылшаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы және іскери әкімшілік шебері мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Мақсат» сыртқы экономикалық акционерлік қоғамы Талғар филиалы бас директорының орынбасары болып бастады.

Әр жылдарда кәсіпкерлік және сауда саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Кейін Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімі аппаратының ұсақ сауда бөлімшесінің маманы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының, бірінші орынбасарының көмекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ вице-президентінің, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы орынбасарының,  ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ-ның қаржы және инвестиция жөніндегі директоры, «Қазақстан Халық банкі» АҚ атқарушы директоры, Директорлар кеңесінің хатшылық жетекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары, президентінің, Басқарма төрағасының кеңесшісі, вице-президенті, вице-президенті-аппарат басшысы, әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2017 жылдың шілде айынан Алматы қаласындағы «Қайнар» ЖШС бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі болды.

 

Ал Төлеген Қапсалықұлы СӘРСЕМБАЕВ 1968 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының бухгалтері болып бастаған.

Әр жылдарда Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай» оқу-тәжірибелік шаруашылығының жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының ревизор-бақылаушысы, аға ревизор бақылаушысы, бас ревизор-бақылаушысы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының бас ревизор-бақылаушысы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық комитетінің бас салық инспекторы, сектор меңгерушісі, сектор бастығы, Алматы қаласы Түрксіб және Бостандық аудандары бойынша салық комитеттері бастықтарының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша салық комитетінің бастығы, Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша салық департаменттерінің бастығы, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдың мамыр айынан Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы