"39 МЫҢ ЖАС ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР": РУСТАМ ӘЛИ БАСҚАРМАҒА СЫН АЙТТЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 971
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында 39 мың жас бос жүр. Оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Сайда саны, құмда ізі жоқ бос сенделіс. Әрине, бұл жақсы ақпар емес. Сондай-ақ, биылғы алғашқы жартыжылдықта Алматы облысында 2,5 мың отбасы ажырасқан. Мұны мамандар індеттің кесірінен жастардың жұмыссыз, табыссыз қалғандығынан деп біледі. Облыс әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ осы мәселелерге байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында жиын өткізді.

– Жақында Президент Әкімшілігінде қабылдауда болдық. Алматы облысында орын алып отырған кемшіліктер айтылды. Жастар саясаты мәселелері басқармасы атқаруы тиіс шараларда кемшілік орын алған. Жастардың көшбасшылары белсенді, абыройлы, сөзін басқаға өткізе алатын, өзі үлгі бола алатын адам болуы тиіс. Мүлде жұмыс істемейсіңдер деп айта алмаймыз. Әсіресе, індет орын алғанда, еріктілер, көпшілікке көмектесуде белсенділік таныттыңдар. «Біз біргеміз» акциясында ұшан-теңіз шаруа атқарылды. Бірақ біржақты ғана жұмыс істеуге болмайды. Тәрбиелік шаралар ұмытылып қалмауы тиіс. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында көптеген шаралар қолға алынды. Соған жастар тартылуы керек. «Жас келсе – іске» деген емес пе? Қара жұмыстан қашпау керек. «Жасыл Ел» ұйымы жазғы маусымда ғана жұмыс істейді. Сондықтан, болашақта «Жас отау» жастар жасағын құрамыз. Жастар жасағы баспана салумен айналысатын болады. Яғни, қыз-жігіттерді құрылыс жұмысына бейімдеп, оқытып, үй салуға үйретеміз. Бүгінде  індетке байланысты басқа облыстан келіп жұмыс істейтін көптеген құрылыс компаниялары карантин кезінде аумаққа кіре алмай қалған. Соның салдарынан құрылыс қарқыны бәсеңсіген. Өзімізден құрылыс топтары құрылса, жұмыс тоқтаусыз жүретін еді, – деген Рустам Әлиұлы облыстық жастар саясаты басқармасының жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жауапты мамандарға жанды тапсырмалар берді.

Жиында 2025 жылға дейін жастарды жұмыспен қамту және бос уақытын тиімді пайдалану бағытындағы бағдарламаға өзгерістер енгізу қажеттігі айтылды. Жас отбасылардың ажырасуына байланысты психолог мамандарды көмекке тартуды ұсынылды.

- Жастармен жұмыс істей алатын мамандарды салаға көптеп тарту керек. Мен білемін, сіздер М.Тазабеков, А.Назаров сынды елге танымал тұлғаларды шақырып, жастармен кездесу өткізіп жүрсіздер. Бұл – дұрыс. Бірақ тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін жастарға сөзі өтетін мамандарды өздеріңіздің араларыңыздан да шығару қажет, - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, ол бір аптадан кейін жастарға қызмет көрсету орталығының өкілдерімен тағы да кездесу өткізетінін айтты. Сол кезде сала мамандарының ұсынысын тыңдап, жобада атқарылатын жұмыстарды талқыламақ. «Басқосу барысында презентацияларыңызды көрсетесіздер. Айта кетейін, маған қалыптаспаған шикі идеяларыңыз керек емес. Барлығы нақты болуы керек», - деді Рустам Әли.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы