АБАЙ МЕН МҰХАМЕТЖАН: САРҚАН АУДАНЫНДА ҚОС АЛЫПТЫҢ СУРЕТІ БЕЙНЕЛЕНДІ

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1949
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданында көпқабатты үйлердің біріне Абай Құнанбайұлы мен Мұхаметжан Тынышбаевтың муралы салынды. Бұл туралы Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғұлама ақынның туғанына биыл 175 жыл толуына орай, барлық өңірде осындай суреттер салынып, есімі ұлықталуда. Әлемді өз туындыларымен тәнті еткен Абай атамызға және алғашқы теміржолшы, ұлт мақтанышы, Сарқан ауданының тумасы Мұхаметжан Тынышбаевқа арналған мурал көпқабатты үйлердің бірінде бейнеленді.

Қазақтың мақтанышына айнала білген қос ұлы тұлғаның суретін тек әсемдік үшін салып қана қоймай, жастардың өз тарихын, ұлы тұлғаларының есімдерін ұмытпауға тәрбиелеу - басты мақсат. Өзі өлсе де, сөзі өлмеген ұлы Абайдың ұлағаты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға ұласып, туған халқымен бірге жасай бермек. Оның біз білетін 200-ге жуық өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзі бар.

Мұхаметжан Тынышбаев қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері.

Жас ұрпақ санасында Абай атамыздың, Мұхаметжан Тынышбаевтың еңбектері мен шығармалары мәңгі мұра болып қалары анық.

Сарқан қаласында көпқабатты үйдің қабырғасында хәкім Абайдың және Мұхаметжан Тынышбаевтың портреті «Жетісу - адалдық алаңы» жобасы аясында, аудан әкімі Талғат Қайнарбековтің қолдауымен салынды.

Бұл муралдың салынуы Сарқан қаласының гүлденіп, көркеюіне үлес қосып тұрары сөзсіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"