ТАҒАЙЫНДАУ: ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАҒА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1456
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің өкімімен Болат Бақбергенұлы Керімбек тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы болып тағайындалды.

Болат Бақбергенұлы 1982 жылы туған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын, «Болашақ» бағдарламасымен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін  бітірген.

Еңбек жолын «Отан» партиясының Талдықорған қалалық өкілдігінде сектор меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары Нұр-Сұлтан қаласының тілдерді дамыту басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мемлекет тарихы институты» ММ-да ғылыми қызметкер, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, консультанты болды.

2019 жылдың қыркүйегінен осы күнге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді. Ол өзінің кәсіби саласы бойынша тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің мұғалімі, саяси институттар, процестер мен технологиялар маманы, мемлекеттік және муниципалды басқару магистрі.

Осыған орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли Тіл сарайына келіп, жаңа басшыны ұжымға таныстырды. Болат Бақбергенұлын жаңа қызметімен құттықтап, жауапты міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"