"БҰРАНДАСЫ БҰЗЫЛҒАН": ШОНЖЫДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚИРАУ СЕБЕБІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 13.10.2020
Оқылды: 992
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары Шонжыдағы дене шынықтыру және сауықтыру орталығының қирау себебін жариялады.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің тапсырмасымен оқиға орнына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары іссапармен жіберілген еді. Мамандар Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы құлаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жедел тексеруді аяқтады.

Оның нәтижесі бойынша, апат 9 және 10-осьтері бойынша фермаларда басталғаны анықталды. Цемент-құм құйындысы белгіленген жобалық мөлшерінен асып кеткен. Сондай-ақ, жартылай фермалардың жоғарғы және төменгі белдіктерінің монтаждық түйіндері әр түрлі көлемдегі алты бұрандамамен бекітілген. Бұл да жобадан ауытқу болып саналады. Тік жүктеме кезінде фермалардың монтаждық түйіндері тарқатылған. Бұл бір бұранданың бұзылуына және көлденең жүктемелердің фермалардан бағандарға берілуіне және 3-блок конструкцияларының біртіндеп құлауына әкелген.

Осылайша, 3-блоктағы апат себептерінің бірі - бекітілген жобалау шешімдерінен ауытқу деп айтуға болады.

"ҚАЗАҚПАРАТ"