ҚАПШАҒАЙДА ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТІП, АҚША ТАЛАП ЕТЕТІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1090
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында ақша бопсалаушылардың қылмыстық тобы ұсталды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында Алматы облысының полиция департаментіне Қапшағай қаласының 35 жастағы екі тұрғыны олардан  ірі көлемде ақша қаражатын бопсалағаны туралы арызданған. Күдіктілер біреуінен 400 000 теңге, екіншісінен 240 000 теңге алып, тағы 600 АҚШ долларын беру керектігін айтып, бопсалауларын жалғастырған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді.

- Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қапшағай қаласының 35, 34, 32 және 31 жастағы төрт тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті де қамауға алынды. Бопсалаушылар тобының ұйымдастырушысы бұрын да осы әрекеті үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған және 2003 жылы 3 жылға, ал 2008 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылған болып шықты. Бұл қылмыстардың алдын-ала дайындалғандығы және кейінгі материалдық шағымдарды ұсыну үшін себептердің мақсатты түрде құрастырылғаны анықталды. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін айыпталушылар өздерінің қылмыстық әрекеттерін қарызды қайтару туралы әдеттегі талап деп түсіндірген, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Данияр.

Жәбірленушілер полицейлерге жеделдік пен қауіп-қатерден арылуларына көмек көрсеткені үшін алғыстарын айтып, тәртіп сақшыларының азаматтарды зорлық-зомбылықтан қорғауда белсенді түрде қызмет көрсеткендерін атап өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"