ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫНДЫҚ: КОВИДТЕН ҚОРҒАНУДЫ ӨЗІҢНЕН БАСТА!

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1180
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Коронавирустың екінші толқыны бола қалса, дайын болайық деген мақсатта елде әртүрлі шаралар қолға алынуда. Қазақстан Республикасының Үкіметі дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мобильді ауруханалар ашу, медициналық құрал-жабдықтар алу, ауруханалар мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелі жүргізілуде.

Облыс бюджеті мен арнайы қордан екінші толқынға дайындық үшін қосымша 7,3 млрд.теңге қаржы бөлінді. Оған 2 компьютерлік томография, 150 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 12 концентрат, 30 монитор және басқа керек-жарақтар алынған. «Жедел жәрдем» көліктерінің саны арттырылуда. Шалғай елді мекендерге баруға жылжымалы медициналық-тексеру көліктері сатып алынуда. Арнайы көлік адам ағзасындағы өзгерісті, кеселді анықтауға арналған.

Облысымызда айналасы екі айда жұқпалы аурулар ауруханасы тұрғызылды. Аталмыш емдеу мекемесінде адамды аман алып қалуға арналған барлық аппарат, дәрі-дәрмек, арнайы төсек-орын қойылған. Мұнда ауа тазалағыш желдеткіш бар. Бөлмедегі ауа сыртқа шықпайды. Керісінше, есік ашылғанда ауа ішке қайтады. Коронавирус індеті ағзаның қай жері әлсіз болса, сол мүшені әлсіздендіреді. Сондықтан, ауруханаға барлық сырқатты емдеуге арналған қондырғылар орнатылды.

Мысалы, бүйрегі сүзгісіз жұмыс істемейтіндерге гемодиализ аппараттары дайындалып, қойылды. Барлығы 200 орынның 20 төсегі реанимацияға арналды. Сондай-ақ, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасындағы ситуациялық орталыққа коронавирусты жылдам анықтайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Арнайы аппарат ағзадағы кеселді көріп, оның қай жерді зақымдағанын анықтайды. Кеселдің қандай деңгейде екенін бағамдап, сырқаттың жағдайын ауыр, орташа, жеңіл деп саралап береді. Сондай-ақ, қондырғы облыстағы 17 мекемемен байланыстырылған. Барлығымен бір мезгілде жұмыс істей алады.

Аппарат қанша көп алынғанымен істі маман басқаратыны түсінікті. Өкінішке қарай, бізде біраз маман-дәрігер жетіспейді. Маман тапшылығын шешу барысында облыста арнайы шаралар жасалуда. Дәрігерлерге арналып баспана салынып, жатақхана ірге көтерді. Осындай әлеуметтік жағдайлардың нәтижесінде облысқа 10 инфекционист дәрігер келетін болды. Басқа да маман-дәрігерлер шақырылуда. Бір топ жас маман облыс әкімінің арнайы гранты бойынша оқытылуда. Жоғары курс студенттері қазірдің өзінде облыс ауруханаларына келіп, еңбек сіңіріп жүр. Оқу бітірген соң облыс ауруханаларында толық жұмысқа кіріседі.

Сырқат шетелдерде қайта белең ала бастағанын ойласақ, дайындықты күшейтудің маңызы зор. Әр адам қауіпсіздік шарасын өзінен бастаған жөн. Жан – олжа екенін естен шығармайық.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан