АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА КЕМШІЛІК КӨП

Уақыты: 16.10.2020
Оқылды: 1369
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындардың мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдануын азайту мәселелері бойынша келелі жиын өтіп, Жетісу жұртшылығының көкейінде жүрген өзекті мәселелер талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев ашып, төрағалық жасап отырған жиынға аудан, қала әкімдерінің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары мен жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы  бөлімдерінің басшылары, аудан, қала әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімдерінің басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» облыстық филиалына қарасты аудандық, қалалық бөлім басшылары селекторлық режимінде қатысып отырды.

Келелі кеңесте арнайы баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген талдаудың қорытындыларын таныстырды.

– Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша республикалық тізілім 694 мемлекеттік қызметтен тұрса, оның 383-і Алматы облысында көрсетіледі. Осы қызметтердің 16 түрі жер қатынастары саласына қатысты. Заңнамаға сәйкес ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылаушы орган саналады, – деген Ләззат Бейсеқұлқызы атқарылған жұмыстардың кемшілігі мен жетістігіне тоқталды. – Бүгінгі күні біздің департаментке жеке және заңды тұлғалардан жергілікті атқарушы органдармен жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында заң талаптарын бұзу мәселесіне қатысты шағымдану фактілері көбеюде. Осы себепті, департамент мамандары жер қатынастары саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Атап айтқанда, департаментке келіп түскен арыз-шағымдарға талдау жасап, жер саласында мемлекеттік қызмет көрсетушілермен онлайн режимінде вебинар өткізген қызметкерлеріміз жер қатынастары саласын реттейтін кейбір құқықтық актілердің сәйкессіздігін анықтады. Осыған орай орталық мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныс жолданды.

Баяндамашының айтуынша, былтырдан бері департаментке келіп түскен арыз-шағымдардың 35 пайызы жер қатынастары саласында көрсетілген мемлекеттік қызметтерге қатысты болған. Биылғы 6 айда да арыз-шағым мөлшері ұлғайған. Сондай-ақ, жер комиссияларының құрамы мен жұмысында бірқатар кемшілік анықталыпты.

Аудан, қала прокуратураларының заңбұзушылықты жою туралы ұсынымы негізінде былтыр қаралған 39 тәртіптік істің сегізі жер қатынастары саласына қатысты болған. Тәртіптік істерді қарау нәтижесінде 7 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Биылғы 9 айдың ішінде қаралған 86 тәртіптік істің 24-і жер қатынастары саласына қатысты екендігі белгілі болды. Тәртіптік істер бойынша 12 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Департаментке келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Талғар, Іле, Қарасай аудандары мен Талдықорған қаласына тиесілі.

Олардың қатарында жер теліміне құқықты табыстаудан негізсіз бас тарту, белгіленген тәртіпті және мерзімді бұзу және жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуден негізсіз бас тарту сынды кемшіліктер бар. Мысалы, жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыруға өтініш түсірген Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық округінің тұрғыны А.Жайлыбаевтың шағымына байланысты тәртіптік іс қаралып жатыр. Одан бөлек, жер комиссиясының мүшелері жер телімін өздеріне еншілеп алуды көздегені анықталып отыр.

Атап айтсақ, Кеген ауданы әкімінің орынбасары, жер комиссиясының төрағасы Д.Құдабаевтың биылғы 27 қаңтарда өткізген комиссия отырысында бірқатар заңбұзушылық орын алған. 58 лот арқылы конкурсқа салынған 3027 гектар жерді бөліп алуға барлығы 178 өтініш түскен. Оның ішіндегі 96.2 гектарға арналған №1 лот бойынша жеті қатысушының ішінен жер комиссиясының мүшесі Жұмаш Суатаев жеңімпаз деп танылған. Барлығы 23.29 гектар жерге арналған №15 лотта да 7 қатысушының ішінен Қарқара ауылдық округінің әкімі – жер комиссиясының мүшесі Болат Молдабаевтың әкесі Сағатбек Молдабаев жеңімпаз саналған. Дәл сондай №54 лотқа қатысқан сегіз үміткердің ішінен жер комиссиясының мүшесі Е.Желденбаевтың зайыбы Эльмира Тоқұшева жеңімпаз боп есептелген.

Мұндай бармақ басты, көз қысты жағдай Қаратал ауданында да анықталған. Жер комиссиясы қараған №14, №15 лоттар бойынша жеңімпаз атанған Жасұлан Тасыбаев аудандық жер комиссиясының төрағасы Жәнібек Тасыбаевтың және жер комиссиясының мүшесі – Балпық би ауылдық округінің әкімі Руслан Тасыбаевтың туған бауыры екендігі белгілі болды.

Мұндағы №14 лот бойынша конкурсқа салынған жер телімінің мөлшері 1800 гектарға тең болса, №15 лот бойынша ұсынылған жердің көлемі 70 гектарды құрайды. Екі жер телімі де Балпық би ауылдық округінің аумағына жатады. Одан бөлек, кейбір аудандық жер комиссиясының отырысында кворум жетіспегені анықталды. Мысалы, биылғы 5 наурызда Талдықорған қалалық жер комиссиясы қараған Д.Төлегенованың жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі отырысқа жер комиссиясының 15 мүшесінің тек алтауы ғана қатысқан. Сонымен қатар, кейбір аудандық жер комиссиясының отырысында аудио-бейне жазбаға түсіру мүлде жүргізілмейтіні белгілі болып отыр. Мысалы, Қарасай ауданында биылғы отырыстардың аудио-бейне жазбасы мүлде жоқ.

Тізе берсе мұндай кемшіліктердің өте көп екендігін атап өткен Ләззат Бейсеқұлова мемлекеттік қызмет сапасының күрт төмендеуі салғырттықтан, немқұрайдылықтан туындап отырғанын алға тартып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын орындау әрбір мемлекеттік қызметкерге жүктелген жауапкершілік екендігін атап өтті.

Одан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Садуақасов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Асқар Жолдоғұтов, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тәңірберген Дәркенбаев және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Ермек Бекжүнісов баяндама жасап, өздеріне тиесілі салалардың жұмысын таныстырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан