КӨШПЕЛІ БРИФИНГ: ЖУРНАЛИСТЕР ЕСКЕЛДІ АУДАНЫМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 876
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу, бой көтеріп жатқан, жөндеуден өткен нысандарды көру, сондай-ақ, ел экономикасына деген өңірдің қосып жатқан үлесін байқау мақсатында «Жетісу Медиа» ұйымдастыратын көшпелі брифингтің кезегі Ескелді ауданына келді. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков тілшілер қауымын өзі күтіп алып, журналистер аралаған әр нысанның басы-қасында болып, ақпарат беріп, таныстырып отырды.

Бірінші болып 1984 жылы Бақтыбай ауылында іргесі қаланып, сол кездегі өлшеммен Жетісудағы үлкен Мәдениет үйі болған, кейінгі жиырма жылға жуық уақытта қаңырап бос тұрып, тоз-тозы шығып, бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қайта жаңғырған маңызды нысанды көрдік. Аталған мәдениет ошағын күрделі жөндеу биылғы жылдың мамырында басталған. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Салынғалы бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанның құрылыс алаңының басшысы Бауыржан Бекежанов:

- Жоспарда көрсетілген уақытпен салыстырғанда, кешігіп жатырмыз, оған себеп: көктем-жаз айларында болған еліміздегі карантиндік режим. Сол аралықта тоқтап қалдық, ал қазір сыртқы жұмыстың елу пайызы бітті, керек материалдарды сатып алып қойдық. Жеке жылыту қазандығын салдық. Ал сахна заманауи үлгіде жабдықталатын болады. Қабырғалас орналасқан спорт зал да заман талабына сай, – деді. Келешекте бұл ғимарат ән мен өнердің ортасына айналмақ. Мектеп оқушылары үшін арнайы он бес үйірме жұмыс істейді деп күтілуде.

Одан кейін аудан орталығы Қарабұлақта болып, бірқатар атқарылып жатқан істі көрдік. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қалаға шығатын Нұрмолда Алдабергенов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Көшені бойлап шамдар орнатылып, аялдамалар қалыпқа келген. Жол жөнделіп, асфальттың екінші қабаты төселіп, жаяу жүргіншілер жолы реттеліп, дәл қазіргі сәтте жолды кеңейту жұмыстары жүруде. Осыған дейін тек ой-шұңқыры ғана жамалып келген жолдың бүгінгі ені – 10 метр (екі жолақты, әрқайсысы 5 метрден), осыған дейін 7 метр болған.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы да бір күрделі жөндеуден өтіп, 95 пайыз дайын болып, қызмет көрсетіп жатқан аудандық орталық аурухананың бүгінгі жағдайымен таныстық. Мекеме басшысы Роза Ибраева жөндеуден өткен стационар ғимаратының әр бөлмесін жеке аралатып, жаңадан келген аппараттарды көрсетті. Елу екі жылдан кейін күделі жөндеу көрген ғимараттың оңалту, реанимациялық, сондай-ақ, шақалақтарды күту, қарау орындары бүгінгі күннің талабына сай. Сөз арасында ауданның бас дәрігері ғимарат стандартқа сай екенін айта келіп, болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына да тас-түйін дайын екендіктерін жеткізді. Айтуынша, дәл қазіргі сәтте ауруханада 11 өкпені жасанды желдету аппараты, 39 оттегі концентраторы бар. Осыған дейін ауданға қарасты Көкжазық, Сырымбет ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылған болатын.

Аудан орталығында құрылысы былтыр жаздың соңында басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысы аяқталуға жақын. Мердігер «Құрылысшы-ТБС» ЖШС қарашаның соңына дейін беруді көздеп отыр. Төрт бөліктен тұратын кешеннің ішінде жүзуден басқа (бассейннен басқа) спорт түрлерінің бәрі бар. Жаңадан салынған бұл нысан да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жемісі. Кешен ішіндегі фитнес залына кіру, бокс, күрес, волейбол, басқа да спорт түрлерімен айналысу тұрғындар үшін тегін болмақ. Он үш жаттықтырушы штат бойынша жұмыс істеуге дайын.

Одан кейін күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір нысан –Қаратал ауылындағы орта мектепте болып, білім ордасының түрленіп қалғанына куә болдық. 1963 жылы салынған екі қабатты мектеп бірінші рет жөндеуден өтуде. Жалпы 360 орынға арналған. Жұмыскерлер кесте бойынша уақыт жағынан ұтып келеді. Келесі жылы көктемде толық берілуге тиіс, ал мердігер ұжым тек екінші қабатты дайындап, қарашаның ортасында пайдалануға беріп тастамақ.

Ауданда нәтижесі көңілді көтеріп, жұмысы көз қуантатын инвестициялық жобалар да іске асырылып жатыр. Соның бірі – Сырымбет ауылында орналасқан «Tek Tau» ЖШС. Кәсіпорын таза балды Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркияға экспорттайды. Табиғи өнімге деген сұраныс мұнда жылдан-жылға артып келеді.

Көшпелі брифингті қорытындылаған Рауан Тұрданғазыұлы өңірдегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бойынша атқарылған бірқатар игі істерді баяндады. Кейінгі тоғыз айдың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары екені айтылды. Атап айтқанда, аудандағы ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция, шағын бизнес салаларында өсу бар.

Серік ҚАНТАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы