"АЙЫППҰЛ ЕСЕЛЕНЕДІ": КӨЛІГІ ТҮТІНДЕЙТІН ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ТЫҚЫР ТАЯДЫ

Уақыты: 26.10.2020
Оқылды: 817
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Экологтар жүргізушілердің жауапкершілігін арттыратын жоба дайындап жатыр. Бұл туралы ақпарат kolesa.kz сайтына шықты.

"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеуде.

Жоба авторлары Әкімшілік кодекстің ластаушы заттар шығаратын және шу деңгейі тым жоғары көлік мінгендерге қатысты 334-бабына өзгеріс енгізіп, мұндай көлік иелеріне бастапқыда ескерту жасауды немесе 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды, ал бір жыл ішінде қайталаса, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеуді ұсынды.

Қазір аталған бап бойынша жауапқа тартылғандар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, ал тым қатты дыбыс шығаратын машина тізгіндегендерге 334-бап бойынша айыппұл салу қарастырылмаған. Олар тек техникалық регламентке сай келмейтін көлік жүргізгені үшін жазаланады.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Алматыдағы көлік нөпірі көп көшелерге экобекет қойылады. Онда тәулігіне 500 автокөлік тексеріледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"